ҚазҰУ мен Оксфорд университеті арасындағы ынтымақтастық нығая түсті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Оксфорд университеті (Ұлыбритания) арасында ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық кеңейетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың Оксфорд университетіне жұмыс сапары барысында осындай келісімге келді. Ғалымдар, оқытушылар және әкімшілік өкілдерімен кездесу барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қызығушылық танытып, білім беру ісіндегі серіктестіктің басым бағыттарын және бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруды талқылады. Жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында ҚазҰУ-дың ең үздік магистранттары мен докторанттары «Ғылымға кіріспе» бірлескен білім беру бағдарламасы аясында Оксфордқа оқуға жіберілмек.
Сонымен қатар, ағылшындық әріптестер өздерінің зертханаларында ҚазҰУ профессорларымен география, тарих, ядролық физика және т.б. салалардағы жобалармен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық тәжірибесі қазірдің өзінде қолжетімді.
Осы жылдың сәуір айында ҚазҰУ Оксфорд университетімен бірлесе Еуразияның орталық бөлігінде орналасқан аридті аймақтарының тұрақты дамуының өзекті мәселелеріне арналған «Аридті аймақтар: экологиялық және әлеуметтік тұрақтылық» атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Ғылыми және тәжірибелік құндылықтарын ерекше атап өткен шетелдік ғалымдар мен сарапшылар шараға жоғары баға берді.
Оксфорд университеті - әлемдегі ең көне және үздік университеттердің бірі. Онда 20 мыңнан астам студент білім алады, оның төрттен бір бөлігі - шетелдік студенттер. QS халықаралық рейтингісінде ол әлемдегі үздік бес университеттің қатарына енген.