ҚазҰУ Наурыз мейрамын тойлады
АЛМАТЫ. 11 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алаңында «Қош келдің, әз-Наурыз!» мейрамын тойлады. Концерттік бағдарламаны дәстүрлі түрде ҚазҰУ-дың «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестрі Түркештің «Көңіл ашар» күйімен ашты.
Мерекелік шарада Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов, академик Төлеген Қожамқұлов және қазақ эстрадасының әншілері арнайы қонақ болды.
«Наурыз мейрамы - күн мен түн теңелетін, жақсылыққа жол бастайтын табиғи құбылыс. Бейбітшіліктің, бірлік пен тірліктің мейрамы. Жақында ғана бір ауыздан ҚР Президентін сайладық. Бұл жаңа бастаманың кезеңі деп ойлаймын. Болашағымыз жарқын болатындығына сеніміміз мол. Елбасы өркендеудің, жаңғырудың нышандарын алға тартып отыр. Ұлттық зерттеу орталығы ретінде ҚазҰУ өз кезегінде осы талаптарды орындауға атсалысып келеді», - дейді ректор Ғалымқайыр Мұтанов мерекелік шараның ашылу барысында.
Ұлыстың ұлы күнін тойлауға бүкіл университет қызметкерлері мен 3000-нан астам студент қатысты. Киіз үйлер тігіліп, тойдың басты дәмі «Наурыз көже» таратылды. Үлкен-кіші, кәрі-жас қосылып студенттер дайындаған концерттік бағдарламаны тамашаласа, қазақтың ұлттық киімін киген жастар алтыбақан теуіп ән айтты. Университеттің талантты жастары бар өнерлерін ортаға салып, қазақ халқының атадан балаға мұра болып қалған салт-дәстүрін еске түсірді.
Сонымен қатар 9 сәуір күні мерекелік шара аясында университет кампусында "Наурыз - жаңару идеясы" атты тазалық жұмыстары жүргізілді. Студенттер мен оқытушылар, ҚазҰУ қызметкерлері бірігіп университет аумағын тазалады. «Ең таза аймақ» байқауы бойынша жүлделі бірінші орынды философия және саясаттану факультеті мен биология факультеті жеңіп алған. Екінші орынды халықаралық қатынастар мен журналистика факультеттері иемденсе, үшінші орынды тарих және география факультеттері бөліскен.
Салтанатты шарадан кейін жиылған қауым ақ шаңқан киіз үйде дайындалған наурыз дастарханынан дәм татты. Қазақ халқының дәстүрлі тағамдарынан бауырсақ, ет, қазы-қарта, ал сусындарынан қымыз, шұбат, шай қойылды. Аға буын өкілдері жастарға баталарын беріп, шежіреден біраз сыр таратты.
Мерекелік бағдарлама жастарға арналған би кешімен жалғасып, 3D форматындағы бейнесюжет көрсетіліп, Наурыз мейрамы арнайы отшашумен аяқталды.