Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы мамандары мен диқандар марапатталды
ҚАЗЫҒҰРТ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында «Алтын күз-2019» мерекесі аталып өтті. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов барша ауыл шаруашылығы саласының мамандарын құттықтап, жоғары көрсеткiшке қол жеткiзген шаруалар мен ауыл әкiмдерiн алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мереке аясында аудан орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер арзан бағада сатылды. Базар бағасынан әлдеқайда төмен саудаланған өнімнен қысқы азықтарын алған тұрғындар диқандарға алғыстарын білдірді. Сан саланың үздіктері марапатталып, жеткен жетістіктері айтылды. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Әсем ән тыңдаған көптің көңілі көтеріліп қалды.
Айта кетейік, ауыл еңбеккерлері биылғы мерекеге жоғары жетістіктермен жетіп отыр. Ауданда жалпы өнім көлемі 34,8 миллиард теңгені құрап, жоспар 106,3 пайызға орындалған. Өңірге 2,6 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, тамақ өнеркәсібіне 630,0 миллион теңге қарастырылған. Астықтың да егіс көлемі 43,0 мың гектарды құрап, орташа түсімі 24,5 центнерден 105,0 мың тоннаға жетті. Еңбегі еселенген аудан облыс көлемінде бірінші орынға шықты.