Қазығұрт ауданының елеулі азаматтары марапатталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында жалпы өңірлік өнім биыл 74,2 млрд. теңгеге жетті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

 Қазығұрт ауданының елеулі азаматтары марапатталды

Бұл ауданның да дербес елдің аяқтан нық тұруына қосқан үлесі зор. Әр салада айқын өзгеріс, ауқымды тірлік бар. Аудан бюджеті 1991 жылмен салыстырғанда 115 есеге өскен. Жалпы өңірлік өнім биыл 74,2 млрд. теңгеге жетті. Өнеркәсіп саласында да алға ілгерілеушілік бар. Азаттық алған алғашқы жылдармен салыстырғанда өндіріс көлемі 45,8 есеге артқан. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында аудан басшысы Төлеген Телғараев бұқараны тәуелсіздік тойымен құттықтады. Ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктердің сүйектілеріне тоқталды. Айталық, 1991 жылы аймаққа небәрі 29 млн. теңгенің инвестициясы тартылған. Биыл бұл бағыттағы іс - ілгері. 13,963 млн. теңгеге жеткен.

Тәуелсіздік жылдары еткен еңбек елеусіз қалмады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқандарға «Қазығұрт ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Құрылыс, ауыл шаруашылығы саласына дем беріп, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтыған Бегасыл Төлендиев - мерекеде мерейі үстем болғандардың бірі. Кәсіпкер аудан бюджетіне 150 мыңнан астам қаржы құйып отыр. Жиында сондай-ақ, еңбек озаттары да марапатталды. Олар Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекелік төсбелгісін тақты. Қуаныш иелерінің  сапында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында 20 жылдан бері табысты еңбек етіп жүрген Сапарбек Қалботаев та бар.  Шара соңында «25 жылдыққа - 25 игі іс» аясында жарық көрген «Еңбегі еленген жандар» атты мерекелік кітаптың да тұсауы кесілді. Онда аудан әлеуетінің әлденуіне сүбелі үлес қосқандар туралы мағлұмат келтірілген.