Қазылған орға түскен 200-ге тарта жануар құтқарылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысына ғылыми экспедицияға шыққан ғалымдар қазылған орға түсіп кеткен жануарлар мен бауырымен жорғалағыштарды, қосмекенділерді құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.

Қазылған орға түскен 200-ге тарта жануар құтқарылды

Өткен айда Түркістан облысына жасалған ғылыми экспедиция барысында ғалымдар тобы жаңадан қазылған екі метрлік шұңқырға түсіп қалған жүздеген бауырымен жорғалағыш пен қосмекенділерді тапқан. Ондаған шақырымға созылған ор фермерлік шаруашылықтардың біріне мал кіріп кетпеу үшін қазылған болуы керек.

Қазылған ордан ортаазиялық тасбақалар, сарыжыландар (Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген), шығыс жыландары, жасыл бақалар мен түрлі-түсті кесірткелер табылған. Жануарлар мен жәндіктердің 10 пайызы өлген. Екі метрлік орға түсіп кеткен олар аштан қырылып қалған. Экспедицияға қатысушылар жануарлар мен жәндіктердің бәрін сыртқы шығарып, ордан алыс аумаққа жіберді.

«Табылған жануарлардың көбі ортаазиялық тасбақалар (174). Сарыжыландардың да 91-і құтқарылды. Бұларды біз құтқарып алғанымызбен, мәселе шешілген жоқ - күні ертең қайтадан түсіп кеткендер құтқарыла алмай қалатыны анық», - деді экспедицияға қатысушылардың бірі, ҚБСҚ қызметкері әрі «Орталық Азия шөлдері бойынша бастамалар» жобасының үйлестірушісі Владимир Терентьев.

Аталған жағдай - адамның шаруасына бола ойластырылмаған жұмыс жабайы жануарлардың өміріне қауіп төндіретінін анық көрсетіп отыр. Болған оқиғаның бәрі ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жолданған.

null