«Қазынамызды қашанғы қоқысқа көме береміз?» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 26 маусым, сейсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Өткен аптаның аяғына қарай Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, қос палата төрағалары Қайрат Мәми мен Нұрлан Нығматулиннің жетекші­лігі­мен Конституциялық Кеңестің еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауы және 2011 жылғы бюд­жеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі қаралғаны белгілі. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаевтың «Бюджетті бақыламаса, бүйірі тоғаймайды» деген тақырыппен мақаласы басылды. «Тұтастай алғанда, бюджеттік-салық­тық саясаттың негізгі бағыттары мен еліміздің бағдарламалық құжаттарында айқындалған басымдықтар іске асырылды. Алайда, бюджеттің атқа­рыл­уы бойынша жүргізілген жұмысты тиісінше баға­лай отырып, бюджеттік үдерістер мен қарым-қатынастарда бірқатар бюджеттік операциялардың тиімсіз іске асырыл­ға­нын көрсететін белгілі бір кемшіліктердің әлі де орын алуын атап өтуге тиіспіз. Оның үстіне, бірнеше жылғы бюджеттің атқарылуына жүргізілген талдау бюджетке қаржының толық түспеуі мен бюд­жеттік қаражаттың толық игерілмеуі жүйелі сипат алып отырғанын көрсетеді»,-  деп жазады мақала авторы.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовпен арадағы сұхбат «Салық мәселесімен айналысатын арнайы сот құрылуы қажет» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Үкімет пен кәсіпкер арасындағы диалог тең дәрежеде жүргізілуі керек. Өкінішке қарай, кейбір шенеуніктер осыны жете түсінбейді. Әлгіндей жиындарға бар қалсақ, ведомствоның ішкі жиналыстарына қатысқандай боламыз. Мекеме басшысы төрге отырып алып, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегенге салып, «жеке жиындарын» басқара кетеді. Мінекей жекелеген шенеуніктің үкіметтік емес ұйымдарға деген көзқарасын осыдан-ақ көруге болады. Сондықтан да айтарым: біздің әріптес ретінде бетпе-бет  отырып сөйлесе білуіміз қажет», - дейді.

 

2015 жылы Атырауда ауаға тасталатын зиянды шығарындылар мөлшері екі есеге артады. Бұл экологиялық ахуалы асқынып тұрған аймақ үшін ақырғы үкіммен бірдей. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Қазынамызды қашанғы қоқысқа көме береміз?» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, облыс прокуратурасында өткен экология мәселесіне арналған кеңесте аймақ басшысының бірінші орынбасары Болат Дәукенов Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құзырындағы рұқсат беру қызметін жергілікті экология департаментіне беру керек деген ойын айтыпты. «Дұрыс ұсыныс, себебі Сарыарқаның саф ауасын жұтып отырған министрліктегілер  есептегі көрсеткіштерге ғана елеңдеп, алыстағы Атырауда нендей жайттар болып жатқанын аңдай бермесі анық», - деп жазады басылым.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Германиядағы төменгі Саксония жерінен табылған алтын әшекей бұйымдар бұдан 3300 жыл бұрын Қазақстанда даласында жасалған болып шықты. Химик Роберт Леманн бастаған ғылыми-зерттеу тобы алтын бұйымдарды сараптай келіп: «олардың шыққан тегі Орталық Азия» деген тұжырым жасаған. Оған дәлел: әшекейлі заттардың құрамындағы микроэлементтер жет бетінде тек Қазақстан, Өзбекстан және Ауғанстан тау жүйелерінде ғана кездесетін көрінеді. Бұл теорияны барлық ғалымдар құптап отыр. «Ежелгі саудагерлер үшін он мың шақырым қашықтық деген түк те емес»,  деп түсіндіреді археолог Хеннинг Хассманн. Мақала «Қазынаның тамыры - қазақ жерінде» деген тақырыппен берілген.

***

«Үкімет пен Қаржы полициясы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері үшін жаза дайындауда», - деп жазады «Известия Казахстан» газеті. Бұл шара халық қалаулыларының ел бюджетінің орындалуына  сапасына қатысты үнемі көтеретін сынына жауап болмақ. ҚР Үкімет басшысының атап өтуінше, еліміздегі бюджеттің орындалмауы бірінші кезекте республиканың заңнамасына сай жүргізілмейтін тендерлік процедураларға тікелей байланысты екен.

***

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаевты Канада билігі үйқамаққа алды. Бұл туралы «Экспресс-К» басылымда жарық көрген «Экс-руководителя Казатомпрома "окольцевали» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, ендігі уақытта экс-шенеунік оның қайда жүргендігін айқындайтын электронды браслетті білегіне іліп жүруге мәжбүр. Сонымен қатар оған тәулік бойы қадағалау белгіленген. Айта кетейік, 2009 жылы Р.Тұрсынбаевқа мемлекетаралық іздеу жарияланған болатын. Оған 20 млн. доллар қаржыны жымқырды және басқа да қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылуда.

Соңғы жаңалықтар
telegram