14:22, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚБТУ командасы «Зияткерлік олимпиада» тележобасының жеңімпазы атанды
АЛМАТЫ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Қазақ-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) құрамасы зияткерлік ойындар бойынша «Зияткерлік олимпиада» тележобасының Бірінші құрлықаралық кубок жолындағы сайысында топ жарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Еліміздегі студенттер үшін үздік интеллектуалды бағдарлама «Қазақстан» телеарнасынан әр жексенбі сайын көрсетіледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қорының қолдауымен 2002 жылы жарық көрген жоба - «Еуразияның ең үздік зияткерлік бағдарламасы» сыйлығының иегері. ҚБТУ студенттері бұған дейін де аталған жобада бақтарын сынаған болатын. Өткен жылдың мамыр айында ҚБТУ құрамасы қазақстандық ЖОО арасында жеңіске жетіп, 2 600 000 теңге көлемінде грантты ұтып алған еді. Ал 2008 жылдың аяғы мен 2009 жылдың басында аталмыш университеттің жаңартылған командасы «Зияткерлік олимпиаданың» құрлықаралық кубогінде еліміздің намысын қорғады. Олар Страсбург (Франция), Оңтүстік Каролина (АҚШ), Эссекса (Англия) университеттерімен, Абай атындағы ҚазҰПУ және ҚазЕӘҚА (Қазақстан) секілді оқу орындарымен сынға түсті.
ҚБТУ зияткерлік командасы үш ойында да үздік шығып, жеңімпаз атанды. Команда құрамына 3-4 курс студенттері кірді.