ҚБТУ студенті артық салмақтан арылуға көмектесетін мобильдік қосымша жасап шығарды
2013 жылдың қазан айында басталған олимпиадаға Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан және Украина елдерінен 1500-ге таяу студент қатысты. Бүгінгі ақтық сынға іріктелген 60 студенттің жұмысы таныстырылатын болады. Оның ішінде Қазақ-Британ техникалық университетінің студенті Нұрхан Шілдебайдың жобасы да бар. Ол артық салмақтан арылуға көмектесетін «Аламан» атты мобильдік қосымша жасап шығарды.
«Бұл қосымша қарапайым адамдарға арналған. Таңертең жүгіруге шыққан әр адам осы қосымша арқылы қанша шақырым жүгіргенін, қанша калория жұмсағанын есептеп отыра алады. Қазіргі таңда көптеген адамдар артық салмақтан зардап шегіп жатқандықтан, спорт тақырыбы өте өзекті. Осы себептен адамдарға артық салмақтан арылуға көмектесетін мобильдік қосымша жасап шығаруды шештім. Қазіргі уақытта ол жүзеге асу үстінде», - дейді қосымша авторы.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде мұндай қосымшалар көп. Дегенмен ол оның өзіндік нұсқасын жасауға тырысқандығын айтуда.
«Мұнда екі адам әлемнің екі бұрышында тұрып, бір-бірімен қалта телефоны арқылы жүгіруден жарыстар өткізе алады. Қанша шақырым жылдамдықпен жүгірді, мәреге кім бірінші жетті деген сияқты. Екі адамның салмақтары, жетістіктері қарастырылатын болады. Бір-бірімен байланысып, сайысқа түсе алады. Бұл әлеуметтік желі ретінде болады. Бір-біріне достық хабарлама жіберіп, содан кейін бір-бірімен жарыстар өткізеді. Бұл жоба адамдар өздерінің денсаулығын дұрыстауына көмектеседі деген ойдамын», - деп атап өтті Н. Шілдебай.
Олимпиада 9 маусымға дейін жалғасатын болады.