ҚБТУ студенттері халықаралық бағдарламалау жарысында жеңімпаз атанды

АЛМАТЫ. 27 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінің студенттері бағдарламалаудан Солтүстік-шығыс еуропа аймағы (NEERC) студенттік командалары (ACM ICPC) арасында өткен халықаралық жарыста жеңіске жетті.

ҚБТУ студенттері халықаралық бағдарламалау жарысында жеңімпаз атанды

Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Жарыстың жартылай финалы 24 қараша күні бір уақытта ТМД елдерінің Санкт-Петербург, Ташкент, Тбилиси және Барнаул қалаларында өткен. Тартысты өткен жарысқа Украина мен Молдовадан басқа пост-кеңестік кеңістік елдерінің 200-ден аса студенттік топтары қатысқан.

Ташкентте болған бәсекеде командалар ACM ICPC ақтық сынымен бірге, Орталық Азия чемпиондығына таласқан. Қазақстан атынан бұл сында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, ҚБТУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және басқа да ЖОО студенттері қатысқан. Сайыс қорытындысында алғашқы 6 орын ішінде 5 қазақстандық және Ташкент ММУ командалары болған.

1-3-орындарды ҚБТУ командалары алса, 4-орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері иеленген. Ал осы төрттіктен 2011 жылдың ақпанында Мысырда өтетін ақтық сынға Орталық Азия аймағының жеңімпазы - «ҚБТУ-1» студенттік командасы шақырылды. Команда құрамы - ақпараттық технологиялар факультетінің 3-курс студенттері Есенаманов Арман, Байжікенов Бақытжан және Қанапин Есенжар. Енді олар алдағы жарыста Орталық Азия аймағындағы осы сала мамандарының деңгейін көрсететін болады.