Kcell және Activ абоненттері «Nokia арқылы шектеусіз браузингке» ие болды
АЛМАТЫ. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Kcell және Activ сауда белгілерін ұсынған мобильді байланыс операторы GSM Қазақстан «Nokia арқылы шектеусіз браузинг» қызметін енгізілгенін хабарлайды.
Финляндия өндірушісінің телефондарын пайдаланушы компания абоненттері Интернетті тәулігіне 20 теңгеге шектеусіз пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
«Nokia арқылы шектеусіз браузинг» мобильді Интернет пайдаланушыларына арналған Kcell және Activ сервистерінің желісінде кезекті қызмет болды. Бұрын компания осы сияқты «Opera Mini арқылы шектеусіз браузинг» қызметін енгізген болатын.
«Nokia арқылы шектеусіз браузинг» деректерді беру шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін трафикті сығу технологиясы бар орнатылған браузерімен S40 Nokia платформасындағы мобильді телефондарда әрекет етеді. Браузерді browser.ovi.com сілтемесі арқылы немесе Ovi дүкенінен жүктеп алуға болады.
GSM Қазақстан/Kcell Корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Аида Досаеваның айтуынша, компания мобильді Интернетке тиімді қол жеткізу шарттарын ұсынуды жалғастыруда. «Компаниямыздың Еуразияда алғаш болып ендірген «Nokia арқылы шектеусіз браузинг» қызметі әлеуметтік желілерде шексіз қатынасудың, сүйікті сайттардың браузингі мен тиімді трафиктің жаңа мүмкіндіктерін ұсына отырып мобильді Интернет пайдаланушыларының қатарын кеңейтуге септігін тигізеді, осы артықшылықтардың барлығын Nokia мобильді браузері беріп отыр»,-дейді Аида Досаева.
«Соңғы кездері Nokia құрылғылары арқылы мобильді ғаламторды пайдалану Қазақстан тұрғындарының арасында қалыпты әрі кең таралған құбылысқа айналып келеді. Солай бола тұра S40 платформасындағы біздің мобильді телефондар қазақ тілін қолдайтынын атап өткен маңызды. Біз осы қызметтің кеңінен танымал болатынына сенімдіміз», - дейді ТМД оңтүстік елдеріндегі Nokia Бас менеджері Карел Голуб.