Kcell жыл соңына дейін Шымкентте 190 5G базалық станциясын орнатуды жоспарлап отыр
Бүгінде компания лицензиялық міндеттемелерін 20%-ға асыра орындады, деп хабарлайды Kazinform.
5G желісін өрістетудің жай-күйі, жеткен меже және алдағы жоспарларды талқылау үшін байланыс саласының өкілдері Шымкентте кездесу өткізді. \
Өзара мүмкіндіктерді салыстырып саралау үшін таңдалған орын кездейсоқ емес, Қазақстанда бесінші буын желісінің шымылдығы алғаш рет оңтүстік өңірде ашылған еді.
Бүгінде еліміздің үшінші мегаполисінде 5G желісі жоспардан артығымен орындалып келеді.
Kcell мобильді байланыс операторы қазірдің өзінде лицензиялық міндеттемелер бойынша жоспарланған 94 базалық станцияны асыра орындап, 114-ке жеткізді (міндеттемелер 21,3%-ға артық).

Сонымен қатар, өз бизнес-жоспары аясында байланыс операторы биыл Шымкентте тағы 75 базалық станция салуды межелеген.
Осыған сәйкес Kcell мегаполисте барлығы 190-ға жуық 5G базалық станциясын пайдалануға беруді, сондай-ақ 170-тен астам базалық станцияны жаңғыртуды көздеп отыр.
Заманауи желі мүмкіндіктері мен жоспарын талқылаған телеком өкілдері құрылысты көзбен көріп бағалау үшін, Шымкент шахарының ең биік нүктелерінің біріне, яғни еңселі ғимараттың шатырына шығып көрді.
Қаланы құс ұшар биіктіктен бақылаған мамандардың айтуынша, Kcell жақын арада Шымкенттің негізгі аудандарын 5G байланысымен неғұрлым кеңірек қамтуды жоспарлап отыр.
Одан бөлек 5G желісін пәтерге және кеңсеге кіргізіп беретін «Kcell Auleti» жобасы бұл көздеген межені жақындата түспек.
Екі айдан бері жүзеге асып келе жатқан бұл жоба ең заманауи бесінші буын желісін пәтерге ешбір сымсыз, қабырғаларды бұрғылаусыз, бір ғана құрылғының арқасында кіргізіп беруге қауқарлы.
«Қазір «Қазақтелеком» тобына кіретін екі ұялы байланыс компаниялары Kcell және MTS 5G базалық станцияларын мерзімінен бұрын салуда және бүгінде республика бойынша операторлар 1000-нан астам базалық станцияларды орнатып үлгерді. Мысалы, Шымкентте Кселлдік әріптестер демалыссыз жұмыс істегендіктен, жоспарларын 20 пайыздан асыра орындады. Бұл жерде құрылыстың мерзімі мен жылдамдығы операторлардың өзіне ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтарға да байланысты, себебі бізде радиофобияға байланысты базалық станцияларды орнатуда кедергі келтіру фактілері жетерлік»- деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Отырысқа жиналған сала мамандарының айтуынша, бір ғана Шымкенттің өзінде базалық станцияны орнатуға қарсы болған тұрғындар 15-тен астам мекенжай бойынша құрылысқа рұқсатын бермеген.

Бұл бағытта билік тарапынан да қолдау қажет, себебі станцияны орнату қиын емес, оның орнын белгілеу, дайындау, барлық қажетті желілерді қосу және том-том рұқсат қағаздарын жинау жұмыстары уақытты алады дейді мамандар.
Кедергілерге қарамастан Kcell қазірдің өзінде жоспарды асыра орындап келе жатқанын нақты көрсеткіштерімен дәлелдеді және о баста жыл соңына дейін жоспарлаған межесіне бүгінде жетіп қалғанын көрсетті.
Қазір еліміздің 15 қаласында 400-ден астам 5G базалық станцияларын іске қосты.
«Бесінші буын байланысын жетілдірумен қатар, біз республикадағы желілік инфрақұрылымды үнемі дамытуды және жаңа базалық станцияларды жаңғырту және салу арқылы байланыс сапасын арттыруды жалғастырамыз. Тек соңғы 3 жылда қазақстандықтарды, соның ішінде ауыл тұрғындарын телекоммуникация қызметімен қамтамасыз ету үшін біз бүкіл ел бойынша 1000-нан астам базалық станцияларды салдық. Ал соңғы екі жылда Kcell қалалар мен ауылдардың 1,5 миллионнан астам тұрғындарын 3G және 4G технологияларын пайдалана отырып, барлық заманауи байланыс қызметтерімен қамтамасыз етті», - деді Асхат Өзбеков.
Бір айта кетерлігі, желіні дамытудың 2023-24 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Кселл ел бойынша 250-ден астам ауылдық елді мекенді заманауи телеком қызметтерге қосуды жоспарлап отыр, оның ішінде бүгінде 76 ауылды қосып үлгерген. Тағы 60 базалық станция құрылыс жүргізу сатысында.
«Жергілікті атқарушы органдарға белсенді көмектері үшін алғыс айтамын және басқа облыстардағы әкімдіктерге де бізбен қоян қолтық жұмыс істеуге шақырамын. Өйткені, шын мәнінде, базалық станцияны орнату қиын емес, негізгі кедергілер құрылғы орнататын діңгектің орнын бөлу, оны тұрғызып, электр қуатымен қамтамасыз ету сияқты шаруалар. Бұл әрине ең алдымен жергілікті атқарушы биліктің міндеті, біз өз тарапымыздан оларға қолайлы орынды таңдау және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелерінде жан-жақты сараптамалық қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді «Кселл» АҚ бас техникалық директоры Кирилл Страшенко.

Ал Түркістан облысына қайта оралар болсақ, Кселл облыс әкімдігімен ағымдағы және алдағы жылдарға желіні жаңғыртуды көздейтін бірлескен «жол картасын» әзірлеген және облыстың 225 ауылында көрсетілетін байланыс қызметтерінің сапасын арттыру және жыл соңына дейін 120-ға жуық базалық стансаны, ал келесі жылы 100-ден астам станцияны жаңартуды жоспарлауда.
Байланыс операторы келесі жылдың бірінші тоқсанында облыстағы туристік нысандар – Сырдария-Түркістан мемлекеттік табиғи саябағы мен Арыстанбаб кесенесін жүйрік интернетпен қамтуды жоспарлап отыр.