ҚДБ мен «АЛМЭКС» жобаларды қаржыландыру және шетел инвестицияларын тарту мәселелерінде ынтымақтасуға келісті
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның Даму Банкі» (ҚДБ) мен «АЛМЭКС» Холдингтік тобы» АҚ жобаларды бірлесіп қаржыландыру және Қазақстан экономикасына шетел инвестицияларын тарту мәселелеріндегі ынтымақтастық туралы Келісім жасасты.
Құжатқа ҚДБ атынан - Банктің Басқарма Төрағасы Болат Жәмішев, «АЛМЭКС» тарапынан - Холдингтің Басқарма Төрағасы Мәжит Есенбаев қол қойды.
Келісімге сәйкес тараптар қазақстандық экономиканың түрлі салаларындағы инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыруға, жоғары технологияларға ие трансұлттық корпорациялар мен шетелдік компаниялар тарапынан инвестициялар тартуға жәрдемдесуге келісті. ҚДБ «АЛМЭКС»-пен, сондай-ақ Холдингпен ықпалдас компаниялар - «Алмэкс Проект» ЖШС және «Almex-Baiterek Fund» ЖШС-мен (инвесторлары тепе-тең негізде «Бәйтерек» АҚ еншілес құрылымы - «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, сондай-ақ «Алмэкс Проект» ЖШС болып табылатын тікелей инвестициялар қоры) өзара іс-әрекет жасайды.
«Өз қызметін трансформациялау аясында ҚДБ қаржы құралдарының желісін кеңейтуге ниетті, себебі бұл біздің клиенттердің ағымдағы талаптарына жауап береді. «Қазақстанның Даму Банкі» мен елдегі ең ірі жеке қаржы холдингінің арасындағы ынтымақтастық «АЛМЭКС»-тің үлескерлік қаржыландыруда және ҚДБ-нің - ұзақ мерзімді қарыз капиталын ұсынуда жинаған құзіреттер синергиясын шикізаттық емес экономиканы дамытуға, азық-түлік өнімдерін өндіруді қоса алғанда өңдеу өнеркәсібіндегі капиталды қажет ететін жобаларды жүзеге асыруға бағыттауға мүмкіндік береді», - деп баса айтты ҚДБ Басқарма Төрағасы Болат Жәмішев.
Өз кезегінде, «АЛМЭКС» Басқарма Төрағасы тоқталып өткендей, «ірі жобаларға инвестициялар тартуды жүзеге асыратын және жобаға толық сараптама жүргізуде және оны жүзеге асыруға тиімді мониторинг жүргізуде мол тәжірибесі бар ҚДБ сияқты ірі мемлекеттік қаржы институтымен мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту ел экономикасының түрлі салалары мен секторларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға салмақты демеу болады».
«Бұл тәжірибе экономиканың нақты секторына инвестиция салғысы келетін өзге де жеке қаржы институттары үшін де тартымды болатыны сөзсіз», - деді Мәжит Есенбаев.
Тікелей инвестицияларды немесе қарыздарды қоса алғанда қаржыландыру тетіктерін бірлесіп жасап, анықтау үшін жобаларды іздеу және таңдау, ынтымақтастық нәтижелеріне мониторинг жүргізу мақсатында тараптар бірлескен жұмыс тобын құрады, оны ҚДБ-нің атынан Банктің Басқарма Төрағасының орынбасары Абай Сарқұлов басқарады.
«АЛМЭКС» банк қызметін, сақтандыру және құнды қағаздар нарығын қоса алғанда қаржы нарығында инвестициялық қызметті жүзеге асыратын және өзінің еншілес компаниясы «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ арқылы Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Грузиядағы корпоративтік және бөлшек сауда клиенттеріне банк қызметтерін, және «АОН Қазақстан сақтандыру делдалы» АҚ қауымдастырылған компаниясы арқылы қайта сақтандыру бойынша қызмет көрсететін қаржы холдингі болып табылады.
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) - 2001 жылы құрылған Қазақстан экономикасының шикізат емес және инфрақұрылым секторын жаңғырту мен дамыту жөніндегі ұлттық даму институты. ҚДБ «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, ел экономикасына ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту және жәрдемдесу. ҚДБ үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының ірі инвестициялық операторларының бірі болып табылады.