ҚДБ-нің еншілес компаниясы ислам лизингі шарттары бойынша алғашқы келісімді қаржыландырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның Даму банкі» еншілес ұйымы - «ҚДБ-Лизинг» АҚ «Исткомтранс» ЖШС теміржол жүк тасымалдарын ұйымдастыру үшін вагон-цистерналарды жеткізу бойынша жобаның ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруын (10 жылға дейін) бастады. Бұл туралы аталған банктен хабарлады.

ҚДБ-нің еншілес компаниясы ислам лизингі шарттары бойынша алғашқы келісімді қаржыландырды

Көлемі 1,1 млрд теңгеден асатын келісім ислам лизингі - «Иджара» шарттары бойынша «ҚДБ-Лизинг» қаржыландырылған алғашқы жоба. Аталмыш келісімді ұйымдастыруға арналған қорландыру көзі «Қазақстанның Даму банкінің» 2012 жылы ТМД елдерінің эмитенттері үшін дебюттік «Сукук» ислам облигацияларын шығару барысында тартылған қаражаты болды.

Жоба аясында «Исткомтранс» ЖШС қайтару лизингі шарттары бойынша сұйытылған көмірсутекті газдарды ішкі, халықаралық және транзиттік қатынастарда тасымалдауға арналған 113 вагон-цистерна сатып алады. Цистерналар Қазақстанның климаттық және географиялық ерекшеліктеріне сәйкес келетін жетілдірілген техникалық және пайдалану сипаттамаларына ие.

«Аталмыш келісім Қазақстанның қаржы секторы үшін аса маңызды болып табылады, себебі экономикаға шетел инвестицияларын тарту бойынша мүмкіндіктер артады. Елімізде исламдық қаржыландыруды дамыту үшін осы құралдарды қаржы операцияларында пайдалану қажет. Осыған байланысты баса айтып өткім келетіні - Қазақстанда алғаш рет классикалық лизингтік компания «Иджара» шарттары бойынша жобаны қаржыландырды. Бұл өнімді «ҚДБ-Лизинг» еншілес ұйымы негізінде дамытуды жоспарлап отырмыз, себебі «Иджара» түп негізі бойынша қаржы лизингіне ұқсайды. Осы жоспарларды жүзеге асыру банктің қаржы өнімдерінің желісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұдан өзге, бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада халықаралық қаржы орталығын құру бойынша қойған міндетіне сәйкес келеді», - дейді ҚДБ басқарма төрағасының орынбасары Елена Когай.

Өз кезегінде «ҚДБ-Лизинг» АҚ басқарма төрағасы Алексей Боев исламдық қаржыландыру қағидалары бойынша алғашқы қанатқақты келісімді жүзеге асыру үшін жаңа нормативтік базаны қабылдау және ішкі құжаттар мен үлгілік келісімшарттарды әзірлеу бойынша кешенді дайындық жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

«Барлық дайындық кезеңдерінде «Al Hilal» Ислам Банкі», сондай-ақ «Sunberg&Company» компаниясы мен «Amanie Advisors CIS» ЖШС әдіснамалық және консультациялық көмек көрсетіп, қажетті құжаттаманы дайындауға жәрдемдесті. Осылайша, аталған келісім жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, Қазақстанда ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақсатында қаржы секторындағы исламдық өнімдер мен қызметтердің кең ауқымын енгізуге негіз болады», - деді ол.

Айта кетейік, Иджара - мүлікті (жылжитын және жылжымайтын) алдын ала келісілген төлемдер сомасымен белгілі бір мерзімге лизингке беру болып табылады. Мысалға, лизинг заты,яғни жабдық мүлікті сақтандыру және оны тиісті күйде сақтау бойынша барлық шығындарды көтеретін лизинг берушінің меншігінде қалады. Мүлік жарамсыз болған жағдайда лизинг алушы төлем жасауды тоқтатады.