Кеден бекеттеріндегі бақылау жүк көліктері иелерінің шығынын тудырмау керек - О.Самухин

АЛМАТЫ. 22 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазіргі қоғам жүк тасымалы жұмысының жылдам әрі қолайлы болғандығын талап етіп отыр.

Кеден бекеттеріндегі бақылау жүк көліктері иелерінің шығынын тудырмау керек -  О.Самухин

Бұл жайында бүгін USAID даму бағдарламасының мүшесі Олег Самухин Алматыда «Орталық Азиядағы халықаралық жол тасымалы жүйесінің тиімді жақтары» атты дөңгелек үстел барысында айтты.

О.Самухин Орталық Азиядағы соңғы 15 жылда осы салада атқарылған жұмыстарды саралап, даму жолына назар аударғандығын жеткізді. «Көбінде жүргізушілер мен қауымдастықтар кеден бекеттерінде көп уақыттарын жоғалтатындықтарын айтып шағымдануда. Сондықтан біз өз жобамыздың аясында осындай келеңсіздіктердің орын алу себебін анықтау үшін бірқатар жұмыстар атқардық», -дейді О.Самухин.

Олардың жобасы Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты төрт елді қамтыған.

Оның айтуынша, жүк тасымалдаушы жүргізушілер кеден бекеттерінде ұзақ кезекте тұрмас үшін 100-150 доллар беріп өтуді дағдыға айналдырған. «Олардың мұндай ақша бермеске амалдары жоқ, өйткені кеденде 2-3 күн тұрып уақытты және тағы басқа шығынды келтірмес үшін осындай амалға барады. Сондай-ақ оларды мұндай әрекетке итермелейтін бір себеп өз құқықтарын дұрыс қорғай білмеуінде. Көп жағдайда бақылаушы органдар олардың жүктерін шектен тыс тексеріп, жұмысты көбейтіп жібереді екен. Бұл құбылыс Орталық Азияның барлық елдеріндегі кедендік бекеттерде кездеседі», -деп атап өтті О.Самухин.

Жалпы Қазақстанның соңғы кезде Кедендік одаққа кіруі шамадан тыс тексеру жұмыстарын азайтқан.

Сондай-ақ ол көп жүргізушілердің кеден бекетінде салынатын электронды құлыптарға да көңілі толмайтындығын жеткізді. Электронды құлып салу жұмысы жылдам болғанымен, оны қайта алу кезеңі көп уақытты алады екен.

О.Самухин сонымен қатар әр елдің кедендік бекеттері біріге жұмыс істегендері тиімдірек болатындығын жеткізді. Әсіресе, тәжік-өзбек шекарасында кеденшілердің бір-біріне сенім артпай көліктер екі рет қайталанып тексерілетін көрінеді. Сондай-ақ қазақ-өзбек шекарасында да серіктестікті дамытқан артық болмас деген ойын жеткізді ол. Мәселен өзбек ағайындар түнде жұмыс істеуге құлық таныта қоймайды. Бұл өз кезегінде таңертең жүк тасымалдаушы көліктердің үлкен кезегін тудырады.