Кеден бекеттеріне сапалы байланыс арналары қажет - Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі Үкімет отырысында АСТАНА-1 ақпараттық жүйесінің жүзеге асырылуы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеден бекеттеріне сапалы байланыс арналары қажет - Қаржы министрі

Еске сала кетсек, 2018 жылдың 1 сәуірінде БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) қолдауымен Қазақстанда электронды кеден - «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі жұмысын бастаған еді.

Министрдің айтуынша, автоматтандыруды енгізу декларанттың бұған дейінгі брокерлік бағдарламаларға, кедендік брокерлердің қызметтеріне және уақытша сақтау қоймаларына жұмсаған шығындарын едәуір азайтуы тиіс.

«Бүгінгі таңда импорт бойынша тауарларға арналаған 16,3 мың декларация ресімделген, одан тауарларға арналған декларациялардың 90% (14.6 мың) «жасыл дәліз» арқылы автоматты режимде шығарылды. Яғни, бұрын сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы құжаттар пакетімен міндетті түрде брокерге өз аяғымен баратын, одан кейін брокер декларациялармен кеден органдарына жүгінетін және тікелей кеден қызметкері қабылдайтын шешімді күтетін болса, енді ол брокерге де кеденге бармастан, интернет арқылы өзі дербес декларация бере алады және жүйе арқылы декларациясы шыққаны туралы хабарламаны ала алады. Оған өз тауарын алу үшін тек уақытша сақтау қоймасына баруы ғана жеткілікті», - деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министр сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларының «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесін енгізу есебінен босатылған ақша қаражатын тауар айналымына бағыттайтынын, мұның бюджетке түсетін кеден баждары мен салықтарының қосымша түсімін 2018 жылы шамамен 12 млрд.теңгеге, ал 2025 жылға қарай 20,3 млрд.теңгеге қамтамасыз етеді деп пайымдайтынын атап өтті.

Сонымен бірге, Б. Сұлтанов «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі бойынша екі проблемалық мәселеге ерекше тоқталды.

«Бірінші мәселе - кеден бекеттерінде жылдамдығы жоғары байланыс арналарының жоқтығы. Спутниктік байланыс арнасының өткізу қабілеті мәлімделген талаптарға сай емес (мәлімделген 8Мбит/с өткізу қабілетінің орнына, 4 Мб/с өткізу қабілетімен 2 арна бар), бұл «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінде жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Кем дегенде 40 Мбит/с байланыс арнасы болуы қажет», - деді министр.

Министр айтқан екінші жайт - айтылған жүйелер бойынша жуық арада қосымша виртуалды қуат ресурстарын (Хостинг) бөлу мәселесімен байланысты болды.

«Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен бірлесіп, бұл мәселені пысықтап жатырмыз. Бірақ осы жылдың маусым айында біздегі бүкіл виртуалды қуат сарқылуы мүмкіндігін ескере отырып, Бақытжан Әбдірұлы Сізден Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-на осы мәселені тездетіп қарауды тапсыруыңызды сұраймын», - деді Б. Сұлтанов ҚР Премьер-Министріне.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтылған мәселелерден хабардар екенін, оларды шешу үшін бірге жұмыс атқарып жатқанын және жалпы Астана-1 ақпараттық жүйесінің жұмысында оң өзгерістер бар екенін атап өтті.