Кеден қызметкерлері есірткі контрабандасы әрекеттері азайып келе жатқандығына сенімді

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздің кеден саласының қызметкерлері кеден шекараларында жыл басынан бері есірткілік заттарды контрабандалаудың 105 жағдайын анықтады. Олардың 55 фактісі иісшіл иттердің көмегімен табылған.

Кеден қызметкерлері есірткі контрабандасы әрекеттері азайып келе жатқандығына сенімді

Анықталған есірткілік заттардың мөлшері 587,2 килограмды құрап отыр. Оның 20,2 килограмы геройн. Бұл мәліметтерді бүгін Кедендік бақылау органдарының 9 айда атқарған жұмыстарына байланысты журналистермен болған брифингте Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің Контрабандамен күрес басқармасы бастығының орынбасары Мейірхан Мейірманқұлов келтірді.

Оның сөзіне қарағанда, кеденшілер «бақылаудағы тауарды тасымалдау» әдісі бойынша арнайы жүргізілген 7 шараға қатысқан. Нәтижесінде ірі көлемдегі есірткілерді оңтүстік аймақтағы республикалардан Қазақстан мен Ресей арқылы ТМД елдеріне тасымалдаумен айналысып жүрген халықаралық деңгейде ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастықтардың жолы кесілді. «Кеден саласы мамандарының сараптауларынша, есірткілік заттарды контрабандалық жолмен тасымалдау әрекеттері жылдан жылға азайып келеді. Мысалы, есірткіні контрабандалу әрекеттері бойынша 2006 жылы 192 іс қозғалса, 2007 жылы 163, 2008 жылы 133, 2009 - 119 қылмыстық іс қозғалған. Ал ағымдағы жылдың 9 айындағы көрсеткіш 88-ді құрап отыр», деді басқарма бастығының орынбасары.