Кеден одағы аясында Қазақстанның ет өнімдерін Ресейге экспорттауға жақсы мүмкіндік туады - Үкімет басшысы
А. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Кеден одағы аясында Қазақстанның ет өнімдерін Ресейге экспорттауға жақсы мүмкіндік туады. Бұл туралы бүгін Үкіметте агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған республикалық кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кедендік одақ аясында Қазақстанға қандай мүмкіндіктер ашылады?! Мәселен, мен кеңеске дайындық барысында біраз сандық мәліметтерді қарап шықтым. 1913 жылы Ресей аумағында 40 млн. -ға жуық ірі қара мал болыпты. Революция, азамат соғысынан кейін 1940-жылдары мал басы 40 млн.-ға қайта көтеріледі.1982 жылы сол кездегі РСФСР аумағында 115 млн. мал басы болған екен. Ал бүгінгі күнгі мәліметтерді қарап таң қалдым - Ресейде мал басы 9 млн. ғана. Ресей жылына 3 млрд. доллардың етін, негізінен Латын Америкасынан алып тұтынады екен. Міне - Кедендік одақ аясындағы біздің нарық», деді Премьер-Министр. Сонымен бірге, дәл осы бағытқа нақты назар аударып, көршілес елдердің нарығына ену қажеттігін айтқан К. Мәсімов, бұл мәселеде ресейлік әріптестерімен әңгіме болғандығын, ол тараптан тек өнімнің санитарлық нормаға сәйкес болуы талап етілетіндігін жеткізді.
«Шаруашылықтарды ірілендіру, ветеринарлық бақылаулар мәселелеріне арналған жұмыс жалғасу қажет. Санитарлық норма дұрыс болмаса, сертификат та болмайды, бізден ешкім де ештеңе сатып алмайды. Ең бастысы нарықты жаулап алу керек», деді Үкімет басшысы.