Кеден одағы аясында Қазақстанның Ресеймен сыртқы сауда айналымы 8,5 млрд. АҚШ долларын құрады - Ж. Айтжанова
/em>Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кеден одағы аясында Қазақстанның Ресеймен сыртқы сауда айналымы 8,5 млрд. АҚШ долларын құрады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.
«Бірыңғай кедендік аумақтың қалыптасуына байланысты ағымдағы жылдың 8 айында Қазақстанның Ресеймен сыртқы сауда айналымы 8,5 млрд. АҚШ долларын, ал Беларуспен 0,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Ресеймен 11,8 және Беларуспен 5,6 пайызға артқандығын білдіреді», - деді Ж. Айтжанова.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстанның Ресейге экспорттаған тауарлары құндық өлшемде 42,2 пайызға, натуральдық өлшемде 14,9 пайызға өсіп отыр. «Беларус Республикасына экспортталған тауарлар қүндық өлшемде 25,9 пайызға, ал натуральдық өлшемде 22,4 пайызға артты», - деді министр.