Кеден одағы аясындағы тарифтердің көтерілуі Францияның тауар экспортына әсер етуі мүмкін - Франция Елшісі

/em> /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кеден одағы аясындағы тарифтердің көтерілуі Францияның Қазақстанға қатысты тауар экспортына әсер етуі мүмкін.

Кеден одағы аясындағы тарифтердің көтерілуі Францияның тауар экспортына әсер етуі мүмкін - Франция Елшісі

Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстанның Еуропа елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалары» атты тақырыбында өткен конференция барысында Қазақстан Республикасындағы Француз Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Жан Шарль Бэртоне мырза осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық және сауда қарым- қатынастары тауар айналымының өсуімен, дамудың зор әлеуетімен сипатталады. 2009 жылы елдер арасындағы тауар айналымының көлемі 2,75 млрд еуроны құрады. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық көрсеткіш. Қазақстан мен Францияның сауда айналымы 2010 жылы 3,8 млрд. еуро шамасында бағаланады. Экономикалық дағдарыстың салдары өткен жылдың сегіз айында тауар айналымының біршама төмендеуіне жол берді. Жалпы, мұндай көрсеткіштер негізіне сүйенсек, екі мемлекеттің арасындағы тауар айналымын орнықты түрде арттыруға болатынын көрсетеді», деді Елші.

Сонымен бірге, Елші Кедендік одақтың құрылуына орай Қазақстанға Франция инвестициясының ауқымы артуы мүмкіндігін алға тартты. «Француздық кәсіпорындар Қазақстан аумағын Ресей нарығына қарай тауар өндіріп, экспорттайтын база ретінде пайдалануы үшін ынталы болуы да мүмкін. Бірақ, екінші бір жағынан Кедендік одақтың құрылуына байланысты кедендік тарифтердің көтерілу мүмкіндігі француздық тауар экспортының көлеміне әсер етуі мүмкін», деді Ж. Ш. Бэртоне. Оның айтуынша, 2007 жылы Франция инвестиция салымы жағынан Қазақстандағы шетелдік инвесторлар арасында бесінші орынды алған. Оның сол кездегі инвестициясының көлемі 1,3 млрд. еуроны құраған болса, былтыр 2009 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы француздық инвестиция ағыны 1,1 млрд. еуроға жетіпті.

Ал Сенат комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаеваның айтуынша, Еуропалық Одақ елдері арасында Франция қазақстандық экспорттың 7,5 пайызын тұтынады. Ал Қазақстанға ЕО импортының арасында Францияның үлесі 7 пайызды құрап отыр.