Кеден одағы елдерінің президенттері «Бәсекелестік туралы» модельдік заңды қабылдайды
АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Кеден одағы елдерінің президенттері «Бәсекелестік туралы» модельдік заңды қабылдайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов айтты.
«Қазіргі кезде агенттік нормативтік-құқықтық актілердің екі жобасын әзірлеуге қатысып жатыр. Бұл құпия ақпаратты қорғау тәртібін және оны таратқаны үшін жауапкершілікті айқындайтын келісім. Бұл құжатты қабылдау мерзімі биылғы шілде айына жоспарланған. Сонымен қатар «Бәсекелестік туралы» модельдік заң бар. Осы құжат биылдың орта кезінде қабылдануы тиіс. Атап айтқанда, бәсекелестік туралы модельдік заңның жобасын Кеден одағындағы үш мемлекеттің басшыларымен қабылданады»,-деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, соңғы аталған заң жобасын сапалы даярлау мақсатында бүгінде КО-ға қатысушы елдердің аумағында ғылыми конференциялар өткізілуде.
«Бәсекелестік туралы» заңның мақсаттарының бірі - ықпалдастық үдерістер жағдайында монополияға қарсы реттеу рөлін күшейту»,-деп түйді Б. Қуандықов.