Кеден одағы құрылғалы бері Қазақстанда автокөлік өндірісі 24 есеге артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеден одағы елдерімен Қазақстанның тауар айналымы 24 млрд. долларға жетті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры Ернар Бакенов мәлім етті.

Кеден одағы құрылғалы бері Қазақстанда автокөлік өндірісі 24 есеге артты

«2009-2013 жылдар аралығында КО мен БЭК аясында серіктес мемлекеттермен Қазақстанның тауар айналымы 88 пайызға артып, 24 млрд. долларға жетті. Сонымен қатар КО елдеріне экспорт көлемі 62 пайызға өсті», - деді департамент басшысы. Белгілі болғандай, КО елдеріне Қазақстан экспортының жалпы көлемінде өңделген тауарлар экспортының үлесі 44 пайыздан 54 пайызға дейін артты. Сонымен қатар кондитерлік өнімдер экспорты 3 есеге, трансформаторлар экспортының көлемі 11 есеге, Ресей мен Беларусь елдеріне шағын тонналық жүк машиналарының жеткізілімі 15-17 есеге өсті. Аккумуляторлар бойынша КО елдеріне экспорт 1,7 есеге, конденсаторлар 1,3 есеге, сусындар 13 есеге артты. «Кеден одағы құрылғалы бері автокөлік құралдарының өндірісі 24 есеге өсіп, қазіргі кезде өндірістің жалпы көлемі 40 мыңнан астам данаға жетті», - деді Е.Бакенов.