Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік құру аясында 96 техникалық регламент әзірленді
Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ТМД-ның Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесі Ғылыми-техникалық комиссиясының 23-ші отырысы барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаев айтты.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Кедендік одақты қалыптастыру және оның негізінде Беларусь, Қазақстан, Ресей аумағында бірыңғай экономикалық кеңістік құру бойынша жұмыстарға белсенді қатысуда. Қазіргі таңда республикада 96 техникалық регламент қабылданды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Кедендік одақ комиссиясымен сәйкестікті бағалау саласында бірқатар құжаттар қабылдануда. Қазіргі уақытта алғашқы кезекті техникалық регламенттердің тізбесі айқындалған. Оған шамамен 47 техрегламент атауы кіріп отыр.
Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы келісілген саясатты жүргізу, мемлекетаралық келісімдерді іске асыру бойынша ұлттық органдардың қызметін үйлестіру мақсатында өткізіліп отырған алқалы жиынға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің техникалық реттеу және метрология саласындағы ұлттық органдарының қызметкерлері қатысуда.