«Кеден одағы: жергілікті өндірушілердің мүддесін кім қорғайды?» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Қазақстан қалаулылары Ресей Федерациясының «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу мерзімін 2050 жылға дейін ұзартуына кеше ақыры «мақұл!» деді. Рас, Қазақстан Ресей Президенттері осыны қарастыратын келісімге алты жыл бұрын, 2004 жылы қаңтардың 9-ында қол қойған болатын. Әйткенмен, кейін қазақстандық «қой ауызынан шөп алмас» дейтін Парламент тосын мінез танытып, ол келісімді ратификациялаудан бас тартқан», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, Үкімет осыдан біраз жыл бұрын қалаулылардың қарсылығын туғызған көптеген мәселелер енді көкейтесті болуын қойып, күн тәртібінен түсірілген деп түсінік беріпті. «Байқоңыр 2050 жылға дейін Ресейге жалға беріледі» деген тақырыппен жарияланған мақаланың толық нұсқасын газеттің бейсенбілік санынан оқи аласыздар.
Елімізге мемлекеттік сапармен келген Румыния президенті Траян Басеску кеше Қарағанды облысында болды. Мәртебелі мейман бастаған делегация облыстағы сапары барысында Спаск мемориалдық кешеніне барып тағзым еткен. Мәртебелі мейманның аталған облысқа сапары егжей-тегжейлі жазылған мақала «Румын президенті Қарағандыда болды» деген тақырыппен «Айқын» газетінде басылды. Басылымның жазуынша, румын диаспорасы өкілдерімен өткен кездесуде сөз алған Траян Басеску мырза Қазақстандағы ұлттар достығының, халықтардың мәдениеті мен тарихына деген құрметтің ерекше екенне баса тоқталған.
«Айқын» газетінің «Көзқарас» айдарында Гарвард университетінің профессоры, саясаттанушы Борис Румермен арадағы сұхбат «АҚШ Орталық Азияға ауған мәселесі арқылы қарап отыр» деген тақырыппен жарияланды. Екеуара әңгіме барысында Б.Румер «Америка жағы сөзсіз Орталық Азияға қызығушылық білдіріп отыр, алайда бұрынғыдай «ынтық» емес. Ол үшін ең басты тақырып - Ауғанстандағы жағдай. Сондықтан Обаманың әкімшілігі осы елде өзінің сыртқы саясатының нөмірі бірінші басымдығы етіп отыр. Осы себепті де, бүгін АҚШ Орталық Азияда болып жатқан кез келген оқиғаға дәл осы Ауғанстан мәселесі арқылы қарап отыр деп айтуға болады», депті.
***
Елімізге ресми сапармен келген Румыния президенті Траян Басескудің Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуіне жан-жақты тоқталған «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Сенімді серіктестік серпіні» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның мақалаға тұздық ретінде келтірген деректері мен дәйектері бойынша, екі ел арасындағы сауда көлемі 878 миллион долларды құраған. Елімізде румындықтардың қатысуымен геологиялық барлау, мұнай мен газ өңдеу, ЖЭК үшін жабдықтар жеткізу, құрылыс және сауда салаларымен айналысатын 35 біріккен кәсіпорын жұмыс істейді. Ал Румынияда құрылыс, электротехника, алтын өңдеу өнеркәсібі, сауда, жиһаз, киім-кешек, аяқ киім және дәрі-дәрмек салаларында 11 румын-қазақстандық кәсіпорын тіркелген.
Осы басылымда «Маймыл - кімнің атасы?» деген тақырыппен танымдық мақала жарық көрді. Назар салыңыз.
***
«Нұр Астана» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Жастар ісімен айналысатын арнайы орган қажет» деген тақырыппен шағын мақала жарияланды. «Жастар мәселесін қоғамның өзге саласынан тысқары қарау үлкен қателік екендігі даусыз. Қордаланып қалған жстардың бүгінігі проблемаларын шешу үшін нақты қадам жасалуы керек те шығар шынында. «Жастар ісімен айналысатын орган құру, ол - мемлекет қаржысына ортақтасу» деп те пікір айтылуы ғажап емес», деп жазады басылым.
«Гүл сыйлауға ер адам, ал алуға арулар лайық» деген ортақ тақырыппен еліміздің бірқатар эстрада әншілерінің ой-пікірі «Нұр Астана» газетінің бүгінгі санында жарияланды. Мәселен, Ақбота Керімбекова «Мен гүлдердің «тілін» жетік білемін. Мысалы, түріне қарап-ақ, оның қандай мақсатта сыйланғанын бірден сезуге болады» десе, Айгүл Иманбаева кішкентай ұлын айта келе, «Ол қай мереке болсын, мені елеусіз қалдырмайды. Қатырма қағаздан қиып, желімдеп, әдемі гүл жасайды. Оны бояйды, «жапырақтарына» маған арнаған тілектерін жазады» депті.
***
«Бұдан былай шығыныңыз 10 мың доллардан асса, бақылауға алынасыз». «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, наурыздың 9-ында күшіне енетін заң бойынша жеке тұлғалардың 10 мың доллардан, ал заңды тұлғалардың 7 миллион теңгеден асатын кез келген қаржылық операциясы бақылауға алынбақ. «Яғни, осы сомадан аса ақша шығындаған кез келген ел азаматы қаржылық бақылау қызметкерлері алдында есеп беруі тиіс болады», деп жазады басылым. Бұл мәселе туралы толығырақ газеттің «Нарық» бетіндегі мақаладан біле аласыздар.
«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «ой-көкпар» айдарының бүгінгі тақырыбы дәрі-дәрмекке қатысты болып отыр. Газеттің «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді бір орталыққа бағындыру медицинаның сапасына кері әсерін тигізе ме?» деген сауалына Парламент мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеев «иә» деп жауап берсе, халық қалаулысының пікіріне өзінің уәжімен Алматы қалалық №2 емхананың бас дәрігері, қалалық мәслихаттың депутаты Амантай Біртанов қарсы шығады. Тұщымды қос пікірді толығырақ оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі санына назар аударыңыз.
«Мамырдың 1-інен бастап Алматыдағы көпқабатты үйлердің 95 пайызы ыстық сусыз қалуы мүмкін. «Алматы жылу желілері» АҚ жылу қуатын өлшейтін ортақ құрал орнатуға келісімшарт бекітпеген үйлерге қатысты осындай шара қолданатындарын ескертті», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл сұраққа мамандар пікірі қоса берілген «Жылу үшін жиналатын жылу» атты мақаланы оқығаннан кейін жауап таба аласыз.
***
«Экономика» баслымының бүгінгі санында «Автокөлік құны аспандап барады» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда жаңа жылдан бастап автокөлік бағасының қымбаттағандығы туралы алып қашпа әңгімелердің шындыққа айналғанын жаза келіп, осыған орай ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің пікірін қоса берген. «Қазір ұсталған, шетелден келетін ескі автокөліктердің бағасы Ресейде де, Қазақстанда да бірдей. Бұл тұрғыда негізгі пайданы шетелден автокөлік тасымалдаушылар көріп отыр. Оның үстіне жаңа автокөліктер саудасындағы жағдай да осындай. Тіпті жаңа автокөліктер саудасында біздің нарықты екі-үш компания ғана монополияға айналдырып отыр. Ал кедендік баж бойынша айырмашылықты құрап отырған 20-30 пайыз табыс сол компаниялардың қалтасына құйылып, сатып алушы бұдан еш пайда көріп отырған жоқ. Кедендік одақ іске кіріскеннен бастап монополия құрған компаниялар автокөліктер бағасын арттыруға талпынса, бұнымен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен прокуратура және құқық қорғау органдары айналысуы тиіс. Өйткені, нарықта баға құбылмауы шарт. Тіпті баға құбылса да, ол айтарлықтай сезілмеуі керек», дейді Ө.Шөкеев.
«Өткен аптада Президент аймақтарда «Кедендік одақ» аясындағы жұмыстың бей-жай қалыпта жүріп жатқанын сынады. «Облыс әкімдері баяғыда-ақ өз облыстарында бизнесмендерін тегіс жиып, Кедендік одақтың үлкен нарығына олардың немен шығатындығын анықтауға тиіс еді. Одан кейін іскерлер сол жаққа аттанып, Беларус пен Ресейдегі жағдайға көз қанықтырып, не сата алатындықтарын анықтап, ендігі қызу тірлікті бастап кетулері, қызығын көріп жатулары керек еді» деп кемшіліктерді көзге түрткен Елбасы барлық өңір басшыларына бұл жұмысты қолға алуды міндеттеді», деп жазады «Экономика» басылымы. Кедендік одақтың түйткілді жайттарына тоқталған мақала «Кеден одағы: жергілікті өндірушілердің мүддесін кім қорғайды?» деген тақырыппен басылған.
***
«ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов сәрсенбі күні Мәскеуде РФ Үкіметінің төрағасы Владимир Путинмен кездесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Келіссөздер барысында ғарыш, атом және көлік, әскери-техникалық ынтымақтастық, отын-энергетика кешендері, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері бойынша өзара қарым-қатынастардың қорытындылары шығарылып, даму келешегі белгіленген. Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі мен РФ Үкіметінің төрағасы Кеден одағы жұмысы және бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ және ТМД ауқымдарындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырған.
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Румыния қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын, сонымен қатар Ұйымның саммитін шақыру туралы бастамасын қолдайды. Бұл туралы Румыния президенті Траян Басеску Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездесуі барысында мәлім еткен.
Мәртебелі қонақтың еліміздегі ресми сапары жайында «Айқын», «Астана ақшамы», «Алаш айнасы», «Литер», «Известия» және «Вечерняя Астана» газеттерінен де мол мағлұмат аласыздар.