Кеден одағына қатысушы елдерде кәсіпкерлікті субсидиялау пайыздары теңдестіріледі
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кеден одағына қатысушы елдерде кәсіпкерлікті субсидиялау пайыздары теңдестіріледі.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сақташ Хасенов айтты.
«Бәсекелестікті барынша теңдестіру үшін, сондай-ақ әділ қадамдарды іске асыру тұрғысында барлық мемлекеттерде мемлекеттік қолдау шаралары, яғни субсидиялау көлемі бірте-бірте бірдей болады деген шешім жасалды. Атап айтқанда ол өнімнің жалпы құнының 10 пайызынан аспайтын болады»,- деді вице-министр.
Оның айтуынша, бүгінде Кеден одағы құрамындағы елдерде бұл пайыздық көрсеткіштер әртүрлі. Мәселен, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімін субсидиялау - 3 пайызды, Ресейде 3 пайыздан астам, сондай-ақ Беларуста 18 пайыз төңірегіндегі көрсеткішті құрайды.
Беларус мемлекетінде ауыл шаруашылығы саласында субсидия көлемі жоғары екеніне тоқталған С. Хасенов, «сондықтан да бұл ел 5 жыл мерзімде осы саладағы субсидияны 18 пайыздан 10 пайызға дейін төмендету міндетін алып отыр»,- деді.