19:25, 12 Қараша 2013 | GMT +5
Кеден одағынан Қазақстанға жылына 300 комбайн импортталмақ - АШМ
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - 2014 жылдан 2016 жылға дейін Кеден одағы аясында Қазақстан үшін жылына 300 комбайн жеткізуге импорттық квота енгізілді.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков айтты.
Оның айтуынша, бұл ретте жартыжылдықтың қорытындысы бойынша квотаның 70 пайыздан астамын алған жағдайда оны көбейтуге мүмкіндік беріледі.
«Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар көрсетілген квотаны алу мақсатында комбайндарды жеткізушілер, лизингтік компаниялар, қаржы институттары мен аграршылар арасында тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз етуі қажет», - деп атап көрсетті министр.
Оның сөздерінше, жалпы алғанда машина-трактор паркін өнімділігі жоғары және қуатты жаңа техникамен жаңарту жұмыстарын жандандыру қажет. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауа райы жағдайына кіріптарлығын болдырмауға мүмкіндік береді.