Кеден одағының Қазақстанға берері көп - сарапшы пікірі

СТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Кеден одағының Қазақстанға берері баршылық. Экономика саласындағы танымал отандық сарапшы Қанат Берентаев осылай дейді.

Кеден  одағының Қазақстанға   берері   көп  -   сарапшы пікірі

Қ.Берентаевтың пікіріне сілтеме жасаған Gazeta.kz басылымының хабарлауынша, оң мәселелердің қатарында, бірінші кезекте, көлік тарифтерін бірегейлендіру мүмкіндігі тұр. Бұл игі шара Қазақстанға өз экспорттық жүктерін ресей және беларус аумақтары арқылы әлемдік нарықтарға транзиттік тасымалдаудың шығынын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Біздің еліміз серіктестерінің алдына бұл мәселені біраздан бері қойып келеді, енді жоспар жүзеге асырыла алады және соның нәтижесінде отандық тауарларымыздың еуропалық нарықтардағы баға бәсекесі арта түспек. Жекелеген жүктер бойынша тарифтер екі және одан да көп есеге төмендеуі мүмкін, дейді сарапшы.

КСРО ыдырығаннан кейін өнеркәсіптегі үзіліп қалған технологиялық тізбектерді жандандыру да экономикаға нақты үлес болмақ. Оған қоса, Украинада өткен президенттік сайлаудың нәтижесі де Кеден одағына оң әсер ететін түрі бар. Жаңа Президент Виктор Януковичтің тарапынан білдірілген посткеңестік кеңістікпен экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға деген ресми ниет Бірыңғай экономикалық кеңістік идеясын қайта жандандыруға үміт беріп отыр.

Сарапшының пайымдауынша, Кеден одағы Украинаның есебінен кеңеюі де мүмкін. Сонда Одақ елдері әлемдік нарыққа шығуға болатын ауқымды және пәрменді ғылыми-технологиялық әлеуетке ие бола алады.