Кеден одағының құрылуы өнеркәсіптік өнімдерге сұранысты арттыра түседі - Қ. Бишімбаев
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кеден одағының құрылуы өнеркәсіптік өнімдерге сұранысты арттырады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
«Жалпы алғанда жоспарлы мерзім кезеңінде еліміздің өнеркәсібі біздің болжамымызға сәйкес жылына 5 пайызға дейін артады. Бұл бағыттағы оң үрдіс негізгі сала - тау-кен өндіру саласының даму қарқыны есебінен қамтамасыз етіледі деп болжаймыз. Бұл көрсеткіш 3,8 пайыздан 2015 жылға қарай 12 пайызға дейін өседі. Ал өңдеуші секторда өсім қарқыны үдей түсіп, 2011 жылы бұл көрсеткіш 3,4 пайызды құраса, 2012-2013 жылдары 5,1 пайызға дейін артады. Бұл көрсеткіш 2015 жылға қарай 7,2 пайызды құрайтын болады. Жалпы алғанда өндірістегі өсім қарқыны Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етіледі», -деді Қ. Бишімбаев.
Сонымен қатар, вице-министр Кеден одағының құрылуы өнеркәсіптік өнімдерге сұранысты арттыратынын атап өтті.