Кеден Одағының өсімдіктер карантиніне қатысты құжат Сенаттың жалпы отырысында талқыланатын болды

АНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің кеңейтілген отырысында «2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден Одағының өсімдіктер карантині туралы келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамасын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылады.

Кеден Одағының өсімдіктер карантиніне қатысты құжат Сенаттың жалпы отырысында талқыланатын болды

Отырыстан соң аталмыш құжатқа қатысты журналистерге сұхбат берген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаевтың айтуынша, карантиндік келісімшарт туралы заң 2010 маусым айында ратификацияланған. Бүгінгі күні осы заңға өзгерістер енгізу туралы хаттама дайындалып, енгізілді. «Бұл хаттамада басты үш өзгеріс қарастырылып отыр. Оның біріншісі, Кедендік Одақ аймағындағы шет елдерге өнім шығарған кезде әр мемлекет өзінің ұлттық заңнамасы мен сол өнімді шығаратын елдің заңнамасын басшылыққа алады. Екінші өзгеріс, Кедендік Одақ аумағындағы рәсімдеу мәселесі жеңілдетіледі. Яғни, бұрынғы карантиндік сертификаттың орнына Кедендік Одақтың талаптары қойылады. Бұл талаптар өкілетті органдардың интернет-ресурстарында және Еуразиялық қоғамдастықтың ақпараттық базаларында көрініс табуы керек», - деді вице-министр.

Сондай-ақ үшінші талап бойынша карантиндік сертификат бұдан былай тек өте қауіпті деген өсімдік шаруашылығындағы өнімдерге ғана беріледі. «Қауіпті болып табылатын өнімдердің тізбесі Кедендік Одақ тараптарымен бекітіліп қойылған. Құжат кедендік рәсімдеу жұмыстарын айтарлықтай жеделдетеді», - деді М.Оразаев.

Депутаттар құжатты жан-жақты талқылай келе оны жалпы отырыста қарайтын болып шешті.