Кеден органдары өткен жылы тауар контрабандасына қатысты 645 қылмыстық іс қозғады
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеден органдары өткен жылы тауар контрабандасына қатысты 645 қылмыстық іс қозғады.
Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитетінің бөлім бастығы Ерден Жұма мәлім етті.
«2013 жылы кеден органдары құны 10 млрд. теңгеден асатын тауар контрабандасына қатысты 645 қылмыстық іс қозғады. Бұдан бөлек жалпы салмағы 244,8 келіні құрайтын әр түрлі есірткі заттарының заңсыз айналымының 50 фактісін анықтады», - деді ол.
Сондай-ақ Е.Жұманың атап өтуінше, өткен жылы 13342 әкімшілік іс қозғалып, олар бойынша мемлекетке келтірілген залал 1 млрд. теңгеге жеткен.
«Кедендік бақылау комитетінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасы контрабанданың басқа да ірі сызбаларын анықтауға бағытталған жұмыстарды осы жылы да жалғастыратын болады», - деді бөлім бастығы.