Кеден органдарының 818 қызметкері кезектен тыс аттестаттаудан өтеді

Бұл туралы бүгін елордада өткізілген брифинг барысында ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Аманияз Ержанов мәлім етті.
Аталған комитетте кеден органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу бойынша жұмыстар жүргізілгендігін атап өткен ол: «Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес аталған кезектен тыс аттестаттау құқық қорғау блогының бөлімшелерінде лауазымды қызметтер атқаратын тұлғаларға ғана қатысты болады. Яғни, олар қызметіне экономикалық қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, контрабандамен, есірткі заттары мен қару-жарақтың заңсыз айналымымен күресетін адамдар. Жалпы алғанда 818 адам аттестаттаудан өтеді. Бұл жеке құрамның шамамен 15 пайызын құрайды», - деді.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, Үкіметтің шешімі негізінде кеден органдарының қызметкерлерін аттестациядан айыру процедурасы өткізіледі. Бұл ретте қаулымен, кеден органдарының формалық киімін киіп, пагонын тағу құқығы сақталатын лауазымдардың тізбесі анықталады. Оған құқық қорғау блогы бөлімшесінің қызметкерлері жатады. Ал қызметкерлердің келесі, нақты айтқанда 5 мың қызметкері аталған шара аяқталғаннан кейін кеден органдарының формалық киімін кимейді әрі пагонын тақпайтын болады.