Кеден органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі қауіпсіздік басқармасы кеден органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты төрт қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР ҚМ КБК Контрабандаға қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары Ерден Жұма мәлім етті.
«Кедендік бақылау комитеті талдау және тексеру нәтижесі бойынша 2013 жылы ҚХР-дан Алматы облысы бойынша КБД-нің қызмет аймағына халық тұтынатын тауарларды жеткізген төрт компанияның кедендік төлемдерді төлеуден жалтару фактісін анықтады. Тексеру барысында компанияларда мемлекет бюжетіне тауарларды кедендік тазарту кезінде кедендік төлемдерді жасамау салдарынан қалыптасқан 1 млрд. 900 млн. теңгеден астам берешегі белгілі болды. Бүгінде оның 1 млрд. 400 млн. теңгесі өндірілді», - деді ол.
Бұл фактілер бойынша Контрабандаға қарсы күрес басқармасы 4 қылмыстық іс қозғады.
«КБК-ның Ішкі қауіпсіздік басқармасы кеден органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдалануы фактісі бойынша төрт қылмыстық іс қозғады», - деді Е.Жұма.
Қылмыстық істер Алматы облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне тергеуге берілді. Аталған қылмыстық істерді тергеу аясында ведомствоаралық жедел тергеу тобын құру туралы мәселе шешілуде.