Кеден тарихына қатысты бірегей жинақ жарыққа шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивте «Из истории царской таможни в Казахской степи» атты құжаттар жинағының тұсауы кесілді.

Кеден тарихына қатысты бірегей жинақ жарыққа шықты
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Шараға отандық және шетелдік ғалымдар, архившілер, тарихшылар, өлкетанушылар, студенттер, магистранттар, докторанттар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кітап авторы Мәрзия Жылысбаеваның айтуынша, жинаққа ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақталған, 1749–1917 жылдар аралығын қамтитын қазақ даласындағы патшалық кеден тарихына қатысты құжаттар енген.

Кеден тарихына қатысты бірегей жинақ жарыққа шықты
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

– Мақсат – қазақ жерінде кеден бекеттерінің құрылуы мен жойылуын, Орта Азия және Қытаймен жүргізілген сауда-саттықты, ресейлік елшілердің мәліметтерін, тауарлардың сыртқа шығарылып, елге әкелінуіне қатысты салық салу жүйесін, тауар бағаларын, сондай-ақ қазақтардың кеден саласында жұмыс істеуіне байланысты архив құжаттарын топтастырып, зерделеу және оларды көпшілікке насихаттау. Құжаттарды зерттей келе, жинаққа қазақтардың жер-су атауларына және кеден саласына қатысты маңызды мәліметтерді ғана іріктеп енгіздім. Бұл жинақ болашақта ауқымды ғылыми зерттеулерге негіз бола алады. Кеден мәселесінің астарында үлкен саясат пен Алтын Орда кезеңіне қатысты деректер де жатыр, – деді ол.

Кеден тарихына қатысты бірегей жинақ жарыққа шықты
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, қытайтанушы Клара Хафизованың пікірінше, кеденге қатысты материалдардың жинақ түрінде жарық көруі – ең алдымен тарихшылар үшін таптырмас көмек құралы.

– Бір ғана құжатты табу үшін көп уақыт қажет. Ал бұл жинақтан қажетті мәліметті жылдам табуға болады. Мұндай деректер ғалымдар үшін өте құнды. Архивтің жыл сайын осындай жинақтар шығара бастауы – жақсы үрдіс, – дейді ол.

Кеден тарихына қатысты бірегей жинақ жарыққа шықты
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова да кітаптың тарихи маңыздылығына тоқталды.

– «Из истории царской таможни в Казахской степи» атты құжаттар жинағы болашақта дипломатия, кеден ісі мен елшілікке байланысты жазылатын еңбектерге үлкен септігін тигізеді. Бұл жинақтың көмегімен көптеген магистрлік және докторлық диссертация жазылатынына сенімдімін, – деді ол.

Кеден тарихына қатысты бірегей жинақ жарыққа шықты
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Осыған дейін Қазақ хандығы тұсында сауда-саттық қалай дамығаны туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар