Кедендік бақылау комитеті 7 автофура мен 9 теміржол вагондарына тиелген контрабандалық тауарларды ұстады
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Кедендік бақылау комитеті 7 автофура мен 9 теміржол вагондарына тиелген контрабандалық тауарларды бір уақытта ұстады. Бұл туралы бүгін брифинг барысында аталған ведомствоның өкілі Ерден Жұма мәлім етті.
Оның атап өтуінше, операциялар басталар алдында Түркияның кеден органдарымен бірлесіп, осы елден әкелінетін тауарларда талдау жұмыстары жүргізілген. Яғни, Түркия мен Қазақстанның кедендік декларациялары салыстырылып, нәтижесінде тауарлар көрсетілген мәліметтерде айтарлықтай айырмашылықтар бар екендігі анықталған.
«Жүргізілген талдау мен қолда бар жедел ақпараттар тауарлар контрабандасымен ұйымдасқан қылмыстық топ айналысқандығын көрсетті. Бұл топ мүшелері тұрақты схемамен әрекет еткен. Олардың басты мақсаты кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтару болды», - деді ол.
Бөлім бастығының айтуынша, жедел іздестіру барысында жанама фирмалар құру мен жалған құжаттар қолдану арқылы бірнеше жыл тауарлар контрабандасымен айналысқан қылмыстық топтың белсенді мүшелері анықталды. Қылмыстық схеманы жасыру мақсатында олар бір-бірінен кейін құрып, қысқа мерзімді қызметінен кейін тоқтатып отырған. Контрабандалық тауарлар Қазақстанның әр түрлі аймақтарына әкелініп, ол жерлерде жалған құжаттармен кедендік рәсімдеуден өткен.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел қызметкерлер 7 автофура мен 9 теміржол вагондарына тиелген контрабандалық тауарларды бір уақытта ұстады. Контрабандалық тауарлардың жалпы кедендік құны 116 млн. теңгені, ал төленбеген кедендік төлемдер мен салықтар түріндегі мемлекетке келтірілген залал 23 млн. теңгені құрады», - деді Е.Жұма.