Кедендік бақылау комитеті «жалған транзит» қылмыстық тізбегіне лауазымды тұлғалардың қатыстылығын анықтауда

ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің Ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде ұзақ уақыттан бері келе жатқан «жалған транзит» қылмыстық тізбегін анықтауға мүмкін болды.
«Контрабандалық тізбектің мәнісіне тоқталатын болсақ, Түркиядан Қырғыз Республикасына Қазақстан аумағы арқылы өтуі тиіс халық тұтынатын тауарлар шынында біздің еліміздің аумағынан тыс шығарылмаған»,-делінген ҚР ҚМ КБК жұртшылықпен және БАҚ-пен байланыс бөлімінің мәліметінде.
Осылайша, Маңғыстау облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің «Морпорт» кеден бекетінен жөнелтілген тауарлар, транзиттің соңғы аяқталу орны, яғни Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті «Қордай» кеденінің «Қарасу» кеден бекетіне жетпестен жоғалып отырған.
Алдын ала есептеулер бойынша мемлекет бюджетіне түспеген кедендік төлемдер мен салықтардың жалпы көлемі шамамен 120 млн. теңгені құраған.
Осы фактілер бойынша ҚР ҚМ КБК Ішкі қауіпсіздік басқармасы ҚР ҚК 209-бабының 1-тармағымен (экономикалық контрабанда) көзделген қылмыстың белгілері бойынша 15 қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі уақытта кеден органдарының лауазымды тұлғалары осы қылмыстың жасалуына қатыстылығы анықталуда. Тергеу жалғасуда.