Кедендік бақылау комитеті және «ТеңізШевройл» ЖШС «Қазақстанда кедендік рәсімдеудің ілкі жобасын іске асыру» бойынша меморандум қабылдады

АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті және «ТеңізШевройл» ЖШС «Қазақстанда кедендік рәсімдеудің ілкі жобасын іске асыру» бойынша меморандум қабылдады,

Кедендік бақылау комитеті және «ТеңізШевройл» ЖШС «Қазақстанда кедендік рәсімдеудің ілкі жобасын іске асыру» бойынша меморандум қабылдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Меморандумға Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов пен «ТеңізШевройл» ЖШС Бас директоры Тодд Леви қол қойды. Кедендік бақылау комитеті АҚШ-тың кедендік жүйесінің негізінде тауар айналымында әкімшілік мәселелерді жеңілдету, рәсімдік кедергілерді жою бағытында жоба жасақтаған болатын. Жоба бойынша шекарадан өту рәсімінде басы артық кедендік құжаттар толтырылмайды. Мәселен, енді кедендік рәсімдеу кезінде тауардың жеткізілуін бақылайтын құжат қызметі Жедел басқару орталығының автоматтандырылған жүйесі арқылы атқарылатын болады. Сондай-ақ кедендік шекарадан өту кезінде көліктік, ветеринарлық, фитосанитарлық, санитарлық-карантиндік және кедендік тексеру өткізілгеннен соң барлық құжаттар автоматты түрде Жедел басқару орталығына түсіп отырады. Шекараларда тексеруші құзыры бар құрылымдар жойылды.Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов өз сөзінде ықпалдасқан бақылауға сай ел шекарасындағы тексеруші органның саны 5-тен 2 мемлекеттік органға қысқартылатынын атап көрсетті. Мәселен, жоба бойынша кеден органы Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Көлік және коммуникация министрліктері тарапынан жүзеге асырылатын қызметтерді қоса атқаратын болады. Осыған орай шекарадан өту үдерісінде уақыттың үнемделуімен қоса сапалы тексерулер де жүзеге аспақ. «Осылайша Жедел басқару орталығы барлық бақылаушы органдардың жұмысын үйлестіруге, артық кедендік ресімдеулерді алып тастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың жолын кесе отырып, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қаржылық шығындарын анағұрлым азайтатын болады», - деді Комитет төрағасы. Бұл шаралар шекарадан өту, әкімшілік рәсімдеу уақытын 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік туғызбақ. «Ілкі жобаны бірігіп іске асыруда біздің компанияны таңдау мен үшін мақтаныш. Бұл жоба ішіндегі оңтайлы өзгерістер Қазақстанның 50 дамыған ел қатарына қосылуына оңды әсер етеріне сенемін», - деді өз сөзінде Т.Леви.