Кедендік баж салығы төленбеген қырғызстандық көліктер тәркіленеді - Кедендік бақылау комитеті

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Кедендік баж салығы төленбеген қырғызстандық көліктер мемлекеттің меншігіне тәркіленеді.

Кедендік баж салығы төленбеген қырғызстандық көліктер тәркіленеді - Кедендік бақылау комитеті

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Аманияз Ержанов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі кезде елімізде кедендік баж салығы төленбеген қырғызстандық көліктер көп.

«Заң бойынша Қырғызстаннан әкелінген көліктерді қазақстандық азаматтар алты ай, ал қырғызстандықтар бір жылға дейін міне алады. Аталған мерзім өткеннен кейін, ол көлік құралдарына кедендік баж салығы төленуі тиіс. Бірақ біздің азаматтар оған қарамай, жүре беретін көрінеді. Мамырдың 20-сынан бастап ондай машиналарды анықтайтын боламыз. Заңға сәйкес, біз оларды тәркілей аламыз», - дейді А.Ержанов.

Бүгінгі таңда Қазақстан-Қырғызстан шекарасында тіркеуден өтетін көлік құралдарының дені транзиттік мақсатпен Ресейге өтіп жатады. Сол себепті елімізде қырғызстандық нөмірмен жүрген көліктердің нақты санын анықтау қиын болып тұр.