Кедендік одақ агроөнеркәсіп кешені үшін жаңа мүмкіндіктер аша түседі - А. Евниев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«170 млн.-нан астам халықты құрайтын Кедендік одақ нарығы Қазақстан үшін, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен үшін үлкен мүмкіндіктерді аша түседі. Бұл тұста отандық позицияның басымдықтары қалай өрбитінін дұрыс болжаған орынды. Ең алдымен Қазақстанның осы кеңістіктегі нарыққа қатты және күшті бидай сұрыпын жеткізудегі орны ерекше болмақ. Әсіресе, жоғары сапалы макарон өнімдеріне де баса мән берген жөн. Есептеулер бойынша, осы нарық алдағы бесжылдық кезеңде 3 млн. тоннадан астам макарон өнімдерін тұтынады. Бұның ішінде Ресей осы уақытқа дейін жылына 200 мыңнан астам тонна макоронды импорттап келді. Тоқтала кететін жайт, Италияның премьер-министрі бір сөзінде макаронның ең жақсы өнімі қазақстандық бидайдан дайындауға болатынын айтқан еді», деді А. Евниев.
Сонымен бірге, вице-министр Кеден одағы аясында ет пен ет өнімдерін экспорттау әлеуетіне де тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, ет өндірудегі басты өнім де астық дақылдары болып табылады. Мәселен, 1 тонна ет өндіру үшін шамамен 7 тоннадай астық дақылдары қажет. «Сондықтан да, Қазақстанның Ресейге 2014 жылға қарай 60 мың тоннаға жуық ет жеткізуі үшін де ауқымды астық өндіру қажет етіледі. Яғни, бұл да қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктің бір жолы болып отыр», деді А. Евниев.