Кедендік одақ аясында 400-ден аса тауарларға біріңғай кедендік импорт тарифін қолдану үшін 3-5 жыл арасында өтпелі кезең қарастырылып отыр - Ж. Айтжанова
қпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кедендік одақ аясында 400-ден аса тауарларға біріңғай кедендік импорт тарифін қолдану үшін 3-5 жыл арасында өтпелі кезең қарастырылып отыр.
Мәселен, Қазақстан бүгінгі күні дәрі-дәрмекті және медициналық құралдарды шетелден 5 жылға дейін 0 пайыздық импорттық баж салығымен алып келе алады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кеден одағындағы салықты және кедендік әкімшілендіру туралы» тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, бұнымен қоса химиялық өндірісте қолданылатын шикізаттар мен полимерлер шетелдерден төрт жылдың ішінде 0 пайыз деңгейіндегі импортық бажбен алып келінеді. Ал осы төрт жылдың ішінде Атырау мұнай және газ- химия зауыты құрылысын аяқтау жоспарланған. «Өтпелі кезең ішінде жеңілдетілген кедендік баж бен импортталатын тауарлар тізбесіне сонымен қатар, теміржол вагондары, азық-түлік өнімдерін және қағаз шығаратын кәсіпорындар пайдаланатын шикізат кіріп отыр. Бұнымен қоса, Қазақстан экономикасының жеделдетілген индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында инвестициялық шаралар қолданылатын болады. Басқаша айтқанда, отандық кәсіпорындар өз тауарлары мен қызметтерін шығару үшін қажетті құрал-жабдықтарды және шикізат өнімдерін шетелдерден инвестициялық келісімшарт шеңберінде 0 пайыз баж салығымен импорттай алады», деді Ж. Айтжанова.
Оның айтуынша, бұл мақсатта қолданыстағы инвестициялар туралы заңға өзгерістер енгізіледі. Наурыз айында Индустрия және сауда министрлігі бұндай өзгерістер енгізілген заң жобасын Мәжіліске ұсынбақшы. «Аталған өзгерістер бойынша құрал-жабдықтармен қоса, шикізатты және басқа да қажеттті материалдарды шетелден импорттау үшін жеңілдіктер қарастырады. Бұған қоса жеңілдетілген тәртіпте әуе ұшақтары және жүк тасушы көліктерді импорттау мүмкіндігі де қарастырылады», деді Ж. Айтжанова.