Кедендік одақ аясында қазақстандық сүт өнімдері саласында аса үлкен өзгерістер бола қоймайды - Қазақстан Сүт одағы
Бүгін еліміздегі сапалы әрі қауіпсіз сүт өнімдерімен қамтамасыз ету, саланың бәсекеге қабілеттігін арттыру шараларына арналған конференция барысында журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның сүт өнімдерін көршілес Ресейге экспорттауға қатысты нөлдік ставка Кедендік одақтан бұрын да қалыптасқан болатын. Сондықтан да, еліміздің бірегей Кедендік одаққа кірігуінде сүт өнімдеріне қатысты соншалықты өзгерістер болады деп ойламаймын. Бұнда мәселе басқада. Кедендік одақ барысында кейбір өнім түрлері жапа шегуі мүмкін. Сонымен бір мезгілде Кедендік одақ аясында еліміздің сүт өнімдерін өңдеудің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түскен орынды деп білемін. Мәселен, осыған дейін жалпы сауда саласы бойынша сатып алу-сатуға ден қойылып, өз өндірісімізді дамытуға онша көп көңіл бөлінбеді. Сондықтан да, салауатты бәсекеде сүт өнімдерін өңдеу шараларына да билік тарапынан қолдау жасалуы шарт», деді Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сүт өндіру жағдайлары ұқсас. Тек Ресей тарапынан біршама техникалық регламенттерді халықаралық стандарттарға жақындату қажет. Ал Беларус елі ауыл шаруашылығы бойынша мықты бәсекелес бола алады. «Беларустың мемлекеттік бюджетінің 13 пайыздық шығыстары ауыл шаруашылығын қолдауға жұмсалады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш төмен», деді Сүт одағының атқарушы директоры.