Кедендік одақ елдерінің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ғылыммен қамтамасыз ету тақырыбында конференция өтуде

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Кедендік одақ елдерінің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ғылыммен қамтамасыз ету» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
None
None

Екі күнге жалғасатын конференцияны «ҚазАгроИнновация» АҚ, Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы академиясы, сондай-ақ Беларус Республикасының Ұлттық ғылым академиясы бірлесіп ұйымдастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияның негізгі мақсаты - Кедендік одақ аясындағы үш мемлекеттің ауыл шаруашылығы ғылымдарының бірігіп, өзара байланыста нығаюына, жан-жақты тиімді қатынастарды күшейтуге жәрдемдесу болып табылады. Сондай-ақ, үш елдің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін көтеру үшін жаңа ықпалдастық жағдайда агроөнеркәсіп кешенін тұрақты жетілдіру шараларын қолдау қарастырылады. Бұл ретте аталған бірегей кеңістік аясында ел экономикасының, оның ішінде аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары талқыланады.

Жиынды ашып сөз сөйлеген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Қазақстан, Ресей мен Беларус елдері Кедендік одақты құра отырып, жаңа да маңызды кезеңге қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, Кедендік одақ ғылыми байланыстарды, агроөнеркәсіп кешеніндегі тиімді ғылыми ынтымақтастықты жаңғыртуға дем береді.

Тоқтала кететін жайт, Кедендік одақ мемлекеттері үшін аграрлық салаға инвестиция тарту деңгейін көтеру аса маңызды шаралардың бірі болып отыр. Қазіргі таңда үш мемлекеттің ауыл шаруашылығы өндірісінің жиынтық көлемі 112 млрд. долларды құрайды. Бұл ретте, мамандар Қазақстан, Ресей және Беларус экономикалық одағы нәтижесінде 2015 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің өсімін 15 пайыздан астам мөлшерде көтеретіндігі туралы болжам жасаған болатын.

Конференция жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларус мемлекеттерінің мүдделі министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, аграрлық ғылымның, жоғары білім беру саласының білікті мамандары, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені субъектілері мен қоғамдық бірлестіктерінің көрнекті ғалымдары қатысып отыр.

Соңғы жаңалықтар