Кедендік Одақ еліміздің өндіріс саласын дамытудың тиімді мүмкіндігі - А.Евниев
әуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бүгінде Қазақстанның Ресей мен Беларустан импорттайтын тауарлар көлемі оларға экспорттайтын тауарлардан әлдеқайда көп. Алайда үш мемлекет арасында құрылған Кедендік Одақтың арқасында шекара арқылы өтетін тауарларға деген кедергілер біршама жойылып, экспортты кеңейтуге жол ашылады.
Сөйтіп, біз импорт пен экспорт арасындағы тепе-теңдікті қалыптастырамыз», деді бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев Bnews.kz порталы студиясында өткен интернет-конференция барысында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның арнайы жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындыларына сүйене отырып келтірген мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан жаңа сойылған малдың етін қанша өндіретін болса, соншалықты көлемде тұтынады. Егер бізде Кедендік Одақ сияқты жаңа нарық ашылмағанда, бізге бәрібір бұл мәселені шешу қажет болатын еді. «Елде өнім өндіру ісі алдағы уақытта сөз жоқ арта береді. Ал осы өнімді біз қайда өткіземіз. Ол үшін бізге елдегіден басқа қосымша тұтынушылар, яғни нарық қажет болатын еді. Ол үшін бәлкім басқа бір елдермен келісімдер жасайтын едік немесе тағы басқа жолдар қарастыратын едік. Ал Кедендік Одақ тұтынушысы зор нарық. Ол алдағы уақытта еліміздің өндіріс саласын алға жетелейтін ұтымды шара болады», деді вице-министр.