Кедендік одаққа қатысты жұртшылықтың тиісті ақпараттармен толық қамтылмауы бағаның өсуіне себеп болып отыр

АНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кедендік одаққа қатысты жұртшылықтың тиісті ақпараттармен толық қамтылмауы бірқатар тауарларға бағаның өсуіне себеп болып отыр.

Кедендік одаққа қатысты жұртшылықтың тиісті ақпараттармен толық қамтылмауы бағаның өсуіне себеп болып отыр

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кеден одағындағы салықты және кедендік әкімшілендіру туралы» тақырыпта өткен Үкімет сағатында депутат Гүлжан Қарағұсова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірегей кедендік аумақ жағдайындағы ішкі проблемалар жайына тоқталатын болсақ, азық-түлік, автокөлік саласына қатысты көптеген сауда компаниялары қазіргі күні өздерінің тауарларына қатысты 2010 жылғы баға саясаты белгіленбегеніне шағымдануда. Бағаның анықталмауына қатысты осы жағдай көптеген компаниялардың жекелеген тауар түрлерін жеткізуін тоқтатуына дейін әкеп соғады. Сонымен бірге, Қазақстанға ұсталған, ескі көліктерді әкелуге қатысты кедендік баж проблемасы халық арасында үлкен абыржушылық тудырды. Қазіргі күні бұндай тасымал заңды тұлғаларға ғана қатысты болғандықтан, бұлар көлік құнын екі есеге дейін арттырып отыр. Сонымен бірге, көлікке қатысты бағаның өсуі тек кедендік бажға ғана қатысты болмағаны анықталуда. Бұған жұртшылықтың қажетті ақпаратпен толық қамтылмай отырғаны да себеп болып отыр», деді Г. Қарағұсова.

Депутаттың айтуынша, жеке тұлғалардың автокөліктерді өздері тасымалдап алып келгендегі құны Бірегей Кедендік Кодекс күшіне енгеннен кейін, яғни 2010 жылғы шілденің 1-інен кейін реттелетін болады. «Ал осы жөнінде халықтың толық құлағдар болмағанын білген кәсіпкерлер, заңды тұлғалар бағаны қолдан көтеріп отыр. Сондықтан да, Кеден одағы аясында дер кезінде жұртшылық үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, БАҚ-та қажетті ақпараттар қамтылғаны шарт», деді депутат.