Кедендік одаққа қатысушы елдердің мемлекеттік сатып алуының басым бөлігі электрондық пішімде өтеді

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - 2012 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап Кедендік одаққа қатысушы елдердің мемлекеттік сатып алуының басым бөлігі электрондық пішімде өтеді - бұл туралы бүгін «Электрондық коммерция орталығы» мамандарының ұйымдастыруымен өткен журналистерге арналған семинарда мәлім болды.

Кедендік одаққа қатысушы елдердің мемлекеттік сатып алуының басым бөлігі электрондық пішімде өтеді

Электрондық пішімде мемлекеттік сатылымдарды жүзеге асыру кеңістігін www.goszakup.gov.kz веб-порталы қамтамасыз етеді. «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС мамандарының соңғы мәліметтері бойынша, 92 мың портал қызметін пайдаланушы тіркелген. Соңғы айда веб-порталға кіріп, қызығушылық танытқандардың саны 1,9 млн. адамды құраған. Олардың басым көпшілігі - қазақстандықтар.

Сонымен қатар электрондық мемлекеттік сатып алу порталына Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпкерлері де үлкен қызығушылық танытуда. Ағымдағы жылдың наурыз айында тіркелген көрсеткішке сәйкес, веб-портал қызметін 53 мың орыс және 5,8 мың украин кәсіпкерлері пайдаланған. Сондай-ақ Қытай, АҚШ, Германия, Молдова және Әзербайжан елдері де қызығушылық білдірген.

Орталық мамандарының айтуынша, шет елдік жабдықтаушылар аталмыш порталды жергілікті тұтыну нарығын зерттеу мен оған мониторинг жүргізу үшін пайдаланады.