Кедендік одаққа тағы 4 ел қосылуға ниеттi - АЭФ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кедендік одаққа тағы 4 елдiң халқы қосылуды қолдап отыр. Бұл туралы бүгiн VII Астана экономикалық форумы аясында өткен еуразиялық интеграция тақырыбына арналған панельді сессияда Еуразиялық даму банкi интеграциялық зерттеу орталығының жетекшісі Владимир Перебоев мәлім еттi.
Оның айтуынша, биыл Кедендiк одаққа қатысты халықтың пiкiрi мен халықаралық интеграциялық үдерiстердi қабылдау көрсеткiшiне әлеуметтiк зерттеу жүргiзiлдi.
«Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылуды тағы 4 ел қолдап отыр. Олар: Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения. Оның ішінде үш мемлекет: Қырғызстан, Тәжікстан, Армения КО-ға енуге жақын елдер екенiн атап өтейiк», - деді В. Перебоев.
Дегенмен, соңғы кезеңдерде Қырғызстанда КО-ға қосылуға қарсы пікірлердің саны ұлғайып кеткен.
«Егер өткен жылы 14 пайыз теріс пікір қалыптасса, 2014 жылы қарсы болғандар саны 16 пайызды құрады. Ал пікірді қолдау 13 пайызға азайды», - деді сарапшы.
Оның үстiне, Грузияда Кедендік одақ қатарына қосылуды қолдаудың саны артқан.
«Бұл Кедендік одақ пен Грузия арасындағы қарым-қатынасты белсендіре түсу қажеттігін көрсетеді», - деп түйдi сөзiн ЕДБ өкiлi.