«Кедендік одақтың игілігінен кім көп үлес алады?» - республикалық басылымдарға шолу
Қазақстан, Беларус және Ресей президенттері Минскідегі үшжақты кездесуінде үш елдің Кеден одағын қалыптастыру барысы 1 қаңтардан бастап Кеден одағының бірыңғай кеден тарифін, ал 1 шілдеден бастап бірыңғай кеден аумағын ендіру туралы уағдаласты. Содан кейін Еуразия экономикалық қоғамдастығы Мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырысы болды. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Елдерді біріктірген идея» деген тақырыппен берілген мақала аталмыш бас қосуға тоқталыпты.
«Алтын жауған апта». Осындай қуанышты тақырыпқа құрылған аталмыш басылымдағы келесі мақала оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында Қазақстанның қанжығасына төрт алтын байланып, еліміздің спорт тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке жеткенін жазыпты.
Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын» және «Астана ақшамы» газеттерінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Алдымен - экономика» тақырыбымен берілген сұхбатта. Экономика және бюжеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткізген тікелей желі кезінде түскен сұрақтар бойынша ой өрбітеді.
Басылымның «Тарих толқынында» айдарымен берілген «Зиярат ету - зиялылық белгісі» атты келесі мақалада қазыналы қарт Ідіріс Орынбасарұлы Әйтеке би бабамыз туралы және тарихтың кейбір тағылымды тұстары жайлы ой қозғайды.
***
«Кеше Астанадағы «Сарапшы-100 - Қазақстан» экономикалық форумына Министрлер Кабинетінің мүшелерін ерте жеткен Үкіметбасы Кәрім Мәсімов енді Беларус пен Ресей тарапынан басталатын «экономикалық басқыншылыққа» қатысты отандық өнім өндірушілерді тас түйін дайындыққа келтірді»,- деп жазды «Айқын» басылымының бүгінгі саны. Толығырақ осы басылымдағы «Басты мақсат - Қазақстанның салалық әлеуетін анықтап, өрістету» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.
Қазақтың әр-бір күйінің астарында терең тарих жатыр. «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ақсақ құлан»туралы аңыз» тақырыбымен берілген мақала ұмытылып бара жатқан «Ақсақ құлан» күй-аңызының тағы бір нұсқасын ұсыныпты.
***
«Қазақтың ақын қызы» десе ауызға алдымен оралатын есім бар. Тіпті ол - проза жазып, журналистік жұмысты да жатсынбаған жан. Ғажабы, әдебиет деген киелі саламен сабақтасып жататын өнердің қай түрін болмасын керемет игерген. Ол кім дерсіз, халқының көңіліне поэзия деген демімен су бүркіген Фариза Оңғарсынова», деп жазған «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы «Өмірін өлеңмен өрнектеген» тақырыбымен берілген мақала ақын апамыздың 70 жылдық мерейтойына арналыпты.
Сондай-ақ аталмыш басылымның дәстүрлі «Қазақ елі» айдарынан орын алған «Кеншілер қаласының келбеті» деген тақырыптағы мақала қазақ елінің кенді мекені Жезқазған қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырыпты.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Кедендік одақтың игілігінен кім көп үлес алады?» деген мақала беріліпті. Аты айтып тұрғандай, мақала кедендік одақ құру мәселесіне назар аударыпты.
«Енді бір айдан кейін қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа бәскелестік жағдайында жұмыс істеуге тура келеді. 2010 жылдың алғашқы күнінен бастап Қазақстан, Белорус және Ресей мемлекеттері 170 миллионнан астам халқы бар біртұтас кедендік кеңістікті қамтитын ортақ жүйеге көшеді» - дейді басылым.
Аталмыш басылымның бүгінгі санындағы «Бізде кино нарығының ауқымы өте тар» тақырыбымен белілген сұхбатта белгілі режиссер Сәбит Құрманбеков 2010 жылдың көктемінде экранға шығуы жоспарланып отырған комедия жанрындағы «Кешіккен махаббат» фильмі туралы ой бөліседі. «Біз көп жағдайда қарт адамдардың ішкі сезімі туралы мүлдем ойланбаймыз, олар оқыс оқиғаға тап болмайды деген сенімдеміз. Шын мәнінде, сезім жас талғамайды екен, адамның көңілі ешқашан қартаймайды. Фильм осы жайында» - дейді Сәбит Құрманбеков .
Мемлекет басшысы Шығыс-Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Әкім Елбасына облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады. Сонымен қатар, осы өңірді одан әрі индустрияландыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысынан да хабардар етті. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетінен кеңірек оқуға болады. Аталмыш басылым сондай-ақ Президенттің баспасөз қызметіне сілтей отырып, Елбасы жарлығымен Қанат Бозымбаевтың Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалғанын да хабарлаған.
Қазақстанның ірі бизнесінің нақты өсімінің қарқыны ресейлік әріптестеріне қарғанда біржарым есе жоғары, деп жазады «Экспресс-К»бүгінгі нөмірінде Астанада өткен «сарапшы -100-Қазақстан» экономикалық форумына тоқтала келіп.
Осы іс- шараға «Литер» басылымы да назар аударып, оған қатысқан Премьер-министр К. Мәсімовтың Кедендік одақ туралы, оның отандық кәсіпорындар мен кәсіпкерлер үшін қандай пайда әкелетіндігі жөнінде әңгімелегенін алға тартқан.
Аталған форумның барысы туралы «Известия», «Казахстанская правда» газеттері де кеңінен жазған.