Кедендік одақтың құрылуы әзірге бағалардың өзгеруіне әсер еткен жоқ - Статистика агенттігі
СТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кедендік одақтың құрылуы әзірге бағалардың өзгеруіне әсер еткен жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, инфляцияға әсер ететін азық-түлік тауарларының 80 пайызы негізінен елімізде өндіріледі. Ал қалған импортталатын 20 пайызы, негізінен ТМД елдерінен (90 пайызы) тасымалданады. Бұл елдермен сауда бізде баж салығынсыз. Сондықтан Кеден одағына кіру азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуіне ықпал етпейді. Осы орайда ол КО аясында шекарадағы кедергілер жойылып, тауар айналымы арта түсетінін, бұл өз кезегінде азық-түлік бағасын ауыздықтауға ықпал ететінін айтты.
«Ал азық-түлік емес тауарлар бойынша қандай да бір инфляциялық тәуекелдер болуы ықтимал. Алайда, олар айтарлықтай жоғары болмайды»,-деді Ә. Смайылов.
Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, бұл топтағы тауарлар бойынша әртараптанып бағытталған динамика болады, яғни кейбір тауарларға баға жоғарылайды, ал кейбіреулеріне керісінше төмендейді. Сонымен бірге ол азық-түлік емес тауарларының бағасы халықтың сатып алу қабілеттілігімен шектелетінін ескеріп өтті.