Кедендік одақтың сыртқы шекарасында көліктік бақылауды жүзеге асыру мәселесіне арналған кеңес өтеді
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 11 сәуірде Көлік және коммуникация министрлігінің ғимаратында Кедендік одақтың сыртқы шекарасында көліктік бақылауды жүзеге асыру мәселесіне арналған Кедендік одақ елдерінің мемлекеттік орган өкілдерінің кеңесі өтеді. Бұл туралы аталмыш министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.
Кеңес аясында тараптар халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыру барысында кездесетін кедергілерді талдау, әр елде одақ елдері аумағы арқылы транзитпен жүріп өтетін көлік құралдары туралы мәліметтер базасын енгізу секілді бірқатар мәселелерді талқылау көзделеді. Бұдан басқа, қазақстандық тарап кеңеске қатысушыларды жаңа Ахуалдық орталықтың жұмысымен таныстырады. Ахуалдық орталықтың басты мақсаты - көліктік бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, әкімшілік кедергілерді жою. Ахуалдық орталық көліктік бақылау бекеттерінің, техникалық қызмет көрсету орталықтарының қызметіне бақылау жүргізуге және автокөлік құралдарының салмақ параметрлерін қозғалыс барысында өлшеуге, рұқсат бланкілерін беру үдерісін автоматтандыру және мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін 4 жүйемен жабдықталған.
Шара аясында Еуразиялық экономикалық комиссиясының энергетика және инфрақұрылым министрі Д.Ахметовтің қатысуымен брифинг өткізу көзделген.