Кеденшілер апта ішінде 24,3 млн. теңгені құрайтын тауарларға қатысты 8 іс қозғады

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 25 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының кеден органдары жедел және қызметтік жұмыс нәтижелері бойынша 8 қылмыстық іс қозғады. Қозғалған қылмыстық іс бойынша тауарлардың құны 24 млн. 390 мың 031 теңгені құраса, келтірілген шығын сомасы - 17 млн. 222 956 теңге бойынша анықталды.

Кеденшілер апта ішінде 24,3 млн. теңгені құрайтын тауарларға қатысты 8 іс қозғады

Сонымен қатар, аталмыш кезеңде 58 әкімшілік іс қозғалып, өндірілген айыппұл 9 млн. 208 мың 116 теңгеге жетті. Бұл туралы Кедендік бақылау комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, Ақмола облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері аса ірі мөлшердегі халық тұтынатын тауарларға декларацияны бұрмалап толтыру фактісін анықтады. Аталмыш тауарлар Қазақстан азаматының мекенжайына Түркия Республикасынан келіп түскен. Тексеру барысында кеденшілер Түркия Республикасы кеден органдарынан экспорттық декларация туралы мағлұмат алып, оны салыстыру кезінде тауарларды қате декларациялау фактісін анықтаған. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес декларацияланбаған тауарлардың жалпы құны 13 млн. 279 мың 793 теңге құрады, бұл ретте төленуге жататын кедендік төлемдер мен алымдардың сомасы 3 млн. 524 665 теңгеге жетіп отыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 209-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде «Айша бибі» кеден бекетінің кедендік терминалы залында Қырғыз Республикасына жол жүретін Қазақстан Республикасының азаматын ұстады. «СКАНПАСС» кедендік бақылау техникалық құралын пайдалана отырып, тексеру барысында әлгі азаматтан (тік ішегінде) полиэтилендік пакетке оралған түйіншек алынды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша түйіншектің ішінде жалпы салмағы 1 гр 84 мг «героин» болған. Ұсталғанға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 250-бабының 4-бөлімі мен 259-бабының 1-1-бөлімінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.