Кеденшілер заңсыз тасымалданбақ болған 31 792 АҚШ долларын тәркіледі

АСТАНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Контрабандаға қарсы күрес басқармасының қазметкерлері Қазақстан Республикасы шекарасынан декларацияланбаған ірі қаражат көлемін өткізбек болған азаматтарды тұтқындады.

Кеденшілер заңсыз тасымалданбақ болған 31 792 АҚШ долларын тәркіледі

Бұл туралы Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Келіп түскен ақпараттан мәлім болғандай, заңсыз әрекетке барған ерлі-зайыпты ҚР азаматтары "Астана-Әбу Даби" бағытындағы әуе рейсіне отырғызу үстінде Астана қаласының халықаралық әуежайында ұсталған.

Кедендік бақылау өткен уақытта айыпталушылардың бірі өзімен бірге 10 мың АҚШ доллары бар екендігін мәлім еткен. Артынша кедендік қызмет тексерісі барысында аталмыш азаматтардан декларацияланбаған 31 792 АҚШ доллары мен 300 еуродай шетел валютасы табылып, тәркіленді.

Қазіргі таңда бұл заң бұзушылық әрекеті бойынша тергеу ісі жүргізіліп жатыр, делінген ақпаратта.