«Кедей көп болмасын, қыстау бос болмасын!»- республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. /ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 28-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Кеше Алматыда ІХ Еуразия медиа-форумы өз жұмысын бастады. Онда адамзатты толғандырып отырған сан түрлі тақырып Батыс пен Шығыстың сан алуан саясаткерлері мен журналистерінің талқысына түсіп, қызу пікір алмасу жүріп жатыр. Медиа-форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Батыс пен шығысты тоғыстыратын қазақ жері - бейбітшілік белдеуі» деген тақырыппен Елбасының аталған форумда сөйлеген сөзі беріліпті.
«Сәбит Мұқанов тапшылдық жолға түсерде рауандап атып келе жатқан таңның ар жағынан жарқырап күн шығарына сенді, басқаша болады деп қаперіне де алмады. Құдай берген таланттың сыртқа шықпасына шарасы жоқ. Сәкен «Кел, жігіттер, болыңдар ер, кедейден топ жасайық!» деп ұрандаса, Сәбит «Бостандықты» жырға қосты. Кімнің жыршысы екенін бірден ашық айтты, ежіктеп түсіндірді». Осылай ой тербеген «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» деген тақырыппен көрнекті қаламгер туралы кеңінен толғайды. Мақала авторы - профессор Тұрсынбек Кәкішев.
Қазақстан мен Корей елі арасындағы қарым-қатынастың өрбігеніне де біраз жылдың жүзі болды. Сол байланыстың жыл өткен сайын нығая түсуінің бір көрінісі ретінде Сеулде Қазақстанның Корея Республикасындағы жылының ашылу салтанаты өтті. Егжей-тегжейін «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Таңы ерте ататын ел» атты мақаладан оқи аласыздар.
"Аңызақ", "Құпия қойма", "Айтылмай қалған аңыз", "Жер кіндігіндегі апат", "Қазына сыры" және басқа да көптеген кітаптардың авторы, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Адам Мекебаев бұл күндері 70 жасқа толып отыр. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті қаламгердің «Саяқ» атты жаңа әңгімесін жариялапты.
Түркияның көптеген жоғары оқу орындары мен бірқатар мемлекеттік кітапханалары қолжазба қорларында еліміздің ортағасырлық шаһарлары мен кенттерінен шыққан арыстарының әлі күнге дейін жарық көрмеген және ара-кідік басылған да еңбектері бар екен. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Түркиядағы жазба жәдігерліктеріміз» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
Күнделікті шығатын «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі саны негізінен Алматыда өткен тоғызыншы Еуразиялық медиа-форум жұмысын тереңірек талдауға арналған. Алқалы жиын барысына байыпты барлау жасаған басылым маңызды форумда айтылған мәселелерге жеке-жеке тоқталған. Медиа-форумның алғашқы күнін жан-жақты зерделеген материалдар топтамасы «Кедей көп болмасын, қыстау бос болмасын!» деген тақырыппен беріліпті.
Сонымен қатар, медиа-форумға қатысу үшін Алматыға арнайы келген Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевтың қызы Бермет Ақаева «Алаш айнасына» эксклюзивті сұхбат берген. Онда, Бермет Асқарқызы Қырғыз еліндегі бүгінгі саяси тұрақсыздық туралы өз ойларымен бөлісе келе, «қазіргі қиындықтарға қарамастан мен елімнің болашағына оптимизммен қараймын» дегенді айтады.
Газеттің бүгінгі «Ой-көкпар» айдарында Алматы қаласының тұрғындарын тіркеуге алудағы жаңа тәртіп төңірегіндегі даулы мәселелер көтерілген. Пікірлері екіге жарылған мамандар бұл проблемалардан шығудың жолдарын қарастыруға тырысады. Бұған қоса газетте алған ипотекалық несиені жабудың оңтайлы жолдары турасында берілген мамандар кеңесі жарияланған.
«Алаш айнасы» Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында тарихи-танымдық, деректі мақалалар сериясын үзбей жариялап келеді. Бұл жолы белгілі қазақ қаламгері Кәкімжан Қазыбаевтың кезінде жазған жауынгер Рахымжан Қошқарбаев туралы «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақаласы жарияланыпты. Сонымен қатар Еуропа қалаларын азат етуге қатысқан ержүрек қазақтар жайында жазылған деректі мақаланы да осы Алаш айнасынан оқи аласыздар.
Ал, газеттің «Дат» айдарында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевпен кең көлемді сұхбат берілген. Онда жақында қабылданған Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің кемшіліктері мен артықшылары сарапқа салынып, бүгінгі қоғамды мазалап жүрген бірқатар сұрақтарға дәлелді жауаптар келтірілген.
***
Кеше Петропавл қаласындағы бір мектеп оқушысы «ел аман, жұрт тынышта» көзсіз ерлікке барып, полицейлерге қарақшы ұрыны ұстап берді. Егжей-тегжейін «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Полицейлер Ғабиденді батырға балап отыр» атты мақаладан оқи аласыздар.
Александр Лукашенконың қамқорлығына алынған Бакиев елдің тағы да дүрлігуіне әсер етуі мүмкін бе?. Р. Отунбаеваның үкіметі қаншалықты заңды құрылды? Осы және өзге де халық көкейіндегі сауалдар төңірегінде өрбіген сұхбат «Айқын» газетінің «Ақ сөйле!» айдарында «Тәуелсіздік үшін шынайы күрес тәуелсіздікті алған уақыттан басталды» деген атпен беріліпті. Сұхбатта саясаткер Ерлан Қарин көршімізде болып жатқан саяси өзгерістер туралы өз ойларын ортаға салады.
Сондай-ақ аталған басылымның дәстүрлі «Қазақтың 100 күйі» айдарында Қайғылы Науайының «Науайы» атты күйі таныстырылыпты.